Жаңалықтар

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 24.06.2023 23:29 2320

Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы Думан Рамазанның қаламынан туған «Жошы хан» драмасы халыққа жол тартты.

Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Кеше ғана президент Қ.Тоқаев театрға ұлттық мәртебе берген болатын. Осы қуанышқа кенелген театр ұжымы премьераның екінші күні жаңа шабыт, тың тыныспен спектаклді құлпырта түсті.

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Қойылымның шымылдығы түрілгеннен-ақ көне дәуірдің лебі есті. Әр детальға, сахна декорациясына тиянақты дайындалғаны бірден сезіліп тұрады. Жарық пен музыканың үйлесімділігі, LED экранның мүлтіксіз қабысуы көрерменді бірден Дешті Қыпшақ даласына бастап кетеді.

Спектаклдің негізі қақтығысы – Үргеніш шаһарына жасаған қанды жорықтан басталады. Жошы (Қайыржан Садықов) бейкүнә халықтың қанын төккісі келмей, қанды қырғынға қарсы шығады. Ал Шағатай (Нұрсұлтан Есен) болса қаншалық бодау берсе де Үргенішті жермен жексен етіп, халқын қылыштың астына алмақ болады. Алғашқы көріністен-ақ Жошының бойындағы биік гуманистік идея көрінеді. Көзін ашқаннан көргені соғыс болған адам үшін аяушылық сезім деген жат құбылыс еді. Бірақ ақылы ерек, жүрегі жұмсақ Жошы артық төгілген ханның түбі жақсылық әкелмейтінін білетін. Бірақ ол бұлжымас «Жасақ заңына» қарсы-тұғын. Шағатайдың қылышы сауға сұраса да жанын қимаған баланы ұлы Батуына ұқсатады. «Осы қырғын өзімнің ұрпағымның басына келе ме деп қорқам» дейді. Осылайша Жошы жер басып жүрген әр адамды қастерлейді. Бұл хан әкесіне қарсылық екенін, жанын жалмайтынын білсе де өз шешімінде қалады.

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Шыңғыс ханның сахнаға шығуы – театрдың әлеуетін көрсете алды. Шыңғыс ханның рөлін ойнаған Асылбек Қапаев «Хан Шыңғыс тірісінде осылай-ақ болған шығар-ау!» дегізеді. Биіктен төніп тұрған селт етпес көз қарасы спектаклдің бойына қан жүгіртті. Ал Құлан қатын (Арай Омарова) мен Көкеші бақсының (Заңғар Әбенов) жасырын тақты аудармақ болғаны – спектаклді ширатып қана қоймай Жошының идеясын ашуға баспалдақ болады. Меркіттің жалғыз тұяғы Қолтуған мен Жалаладиннің баласының өлімі – Шыңғысханның қатыгездігі емес парасаттылығын көрсетеді.

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Спектаклдің «Қазақ ордасы» атты екінші бөлімінде күрделі қақтығыс жоқ. Бұл бөлім – драманың идеясын ашуға барынша икемделген. Жошы Дешті Қыпшақтың сайын даласынына иелік етеді. Өз иелігіндегі жұрттың бірлігі мен тұтастығы үшін жан-тәнімен күреседі.

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Жақсы спектакль көргенде оның шырқау шегі – аяқталған тұсы сияқты көрінеді. Тарихи драма аяқталғанда көрермен ерлік дәуірінен театрға қайта оралды. Бәрінің көкейінде сан алуан сезім, толқынысты күй. Үздіксіз соғылған ду-ду қол шапалақ соның дәлеліндей. Жанын жарып шыққан туындыны сахнадан көру – әр автор үшін бақытты әрі тебіреністі сәт болмақ. Думан Рамазанның да көңілінің қатты толқығанын көзіндегі жастан аңғарған көрерменнің ықыласы шексіз болды. Қаламгер де өз кезегінде бойын кернеген сезіммен бөлісті.

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Құрметті ағайын, ең алдымен сіздерге рақмет айтқым келіп тұр! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бұл театр – менің театрым. Екі бірдей тарихи драмамды дүниені дүбірлетіп керемет қойды. «Кенесары-Күнімжанды» да, «Абылай ханның арманын» да сіздерге жеткізген осы артистер. Артистерге рақметім шексіз! Одан кейін «Керей-Жәнібек» деген тарихи драма жаздым. Оны да осы Бөкеңнің өзі қойды. Хандар тақырыбын Жошы ханмен түйіндегіміз келді. Бұл заңдылық қой деп ойлаймын. Себебі Жошы тек қана Керей мен Жәнібектің ғана емес бүкіл қазақ хандарының түп атасы, ұлы бабасы. Сондықтан бұл тек хандар тақырыбы ғана емес қазақтың тарихы деп білген дұрыс. Кеше Президент келіп көріп, оң бағасын берді. Билікке көп алғыс айта бермеймін, бірақ Президентімізге алғыс айтқым келіп тұр. Және осы театрға ұлттық мәртебе берді. Бұл – театрдың ұжымына ғана емес маған да үлкен қуаныш. Өзімді осы театрдың бір мүшесімін деп санаймын. Ұлттық мәртебе алу менің песаммен қатар келуі мен үшін мерей. Театрға айтатыным, абыройларыңыз биіктей берсін. Еңбектеріңіз жансын, - дейді Думан Рамазан.

Жошы құрған Ұлы мемлекет – бүгінгі Отанымыздың қара шаңырағы. Жошы ұйыстырған қарағаштай қалың ел – бір кіндігінен тараған ата-бабамыз. Жошы көтерген идея – біздің мәңгілік ту етер ұстанымымыз. Жошы хан ордасын тіккен Ұлытаудың қазақ хандығы кезінде де, бүгінде де қастерленуі соның айғағы. Біздің бірлігімізге сына түспей, қаншама қиын тарихи өткелдерден өтіп бүгінге жетсек – ол Жошының ұйытып кеткен ұлысының берік болғанынан. Елдің бірлігін, біртұтастығын, қуатты болғанын ойлаған оғланның тілегі әмәнда қабыл болсын дейміз. Спектаклдің түйіні – тай қазанның сахнаға көтерілуі. Бір қазаннан ас татып, бір тудың астына ұйысқан жұртымыздың келешегі көркем, елдігі мығым болғай!

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Елдік пен ерліктің жыршысы – «Жошы хан» қойылымы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға