Жаңалықтар

Елдегі жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі артты

Өндіріс 6 пайызға ұлғайған
Елдегі жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі артты
Фото: qazindustry.gov.kz 20.01.2023 02:30 592

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, тоқыма бұйымдарының өндірісі 5,3%-ға, киім өндірісі 7,8%-ға, сондай-ақ былғары және онымен байланысты өнімдердің көлемі 3,7%-ға өскен.

Қазір жеңіл өнеркәсіпті дамытуға айрықша басымдық берілген. Өйткені бұл саланың халықты жұмыспен қамтуда әсері жоғары болған соң әлеуметтік маңызы зор. Сол себепті жаңа жобаларға ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, 2022 жылы жалпы құны 9,9 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылып, өндіріс орындарында 560-тан астам жұмыс орны ашылды, - деп атап өтті министрлікте.

Мәселен, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кілем және кілем бұйымдарын шығаратын «Бал текстиль» кәсіпорны 4-ші цехын іске қосып, 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Тартылған инвестицияның көлемі – 2,5 млрд теңге. Қазір аталған фабриканың өндірістік қуаты жылына 4 мың тонна полипропилен жібі мен 5 млн шаршы метрден астам кілем және кілем бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Өндірісте 1,5 мыңнан артық ерекше дизайн түрлері, оның ішінде авангард, хай-тек, постмодерн және ұлттық стильдегі өрнектер қолданылып жүр.

Сонымен қатар былтыр Ақтөбе тігін фабрикасы өндірісін кеңейтіп, 130 жұмыс орнын ашты. 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан бұл компания сапалы әрі қолжетімді өнімдердің өндірісін жолға қойған. Қысқа уақытта кәсіпорын сенімді тауар өндіруші ретінде беделге ие болды. Өз кезегінде кәсіпорын шығарылатын өнімдердің сапалығына кепілдік береді. Өйткені дайын өнімдер көпдеңгейлі тексеруден өткізіліп тұрады. Өнім модельдерін әзірлеуге дизайнерлер, технологтар және тігіншілерден жасақталған білікті қызметкерлер қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға