Елдегі банктер кибершабуылдарға төзімділік бойынша тексеріледі

Елдегі банктер кибершабуылдарға төзімділік бойынша тексеріледі
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда банктердің киберқауіпсіздігін бағалаудың жаңа ережелері бекітілді. Енді қаржы ұйымдары хакерлік шабуылдарды модельдеп, клиенттердің жеке деректерінің қорғалуын және жүйелердің ақаудан кейін қалпына келу мүмкіндігін тексеруге міндетті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, тексеру үш бағыт бойынша жүргізіледі: құжаттық, функционалдық және техникалық.

Бірінші кезеңде банктердің ішкі құжаттары мен ақпараттық қауіпсіздік жоспарлары бағаланады. Екінші кезеңде қызметкерлердің киберқауіптерге әрекет ету дайындығы тексеріледі. Ал үшінші кезеңде хакерлік шабуылдар модельденіп, банктің қауіптерді анықтау және жүйелерді қалпына келтіру қабілеті сыналады.

Техникалық сынақтар банктердің жұмыс істеп тұрған жүйелеріне әсер етпейтін арнайы тестілік ортада өткізіледі. Мамандар шабуылды анықтау жылдамдығын, бөлімшелер арасындағы ақпарат алмасуды және жүйелерді қалпына келтіруге кететін уақытты бағалайды.

Тексеруге мобильді банкинг, интернет-банкинг, төлем жүйелері және клиенттердің дерекқорлары қамтылуы мүмкін.

Агенттік бұған дейін екінші деңгейлі үш банкпен пилоттық кибероқу-жаттығу өткізген. Сынақ барысында маңызды ақпараттық жүйеге файлдарды шифрлайтын зиянды бағдарламаның шабуылы модельденді.

Үш банк те зақымдалған жүйелерді резервтік көшірмелер арқылы сәтті қалпына келтірді.

Жаңа ережеге сәйкес, қаржы ұйымдары киберқауіпсіздік деңгейін жылына кемінде бір рет бағалауы тиіс. Ал 2027 жылы агенттік Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банкті қамтуды жоспарлап отыр.

Тексеру қорытындысы бойынша банктер анықталған осал тұстарды жою жоспарын ұсынып, кейін олардың түзетілгенін қайта сынақ арқылы растауы қажет.

ҚНРДА бұл шаралардың басты мақсаты банктерге айыппұл салу емес, олардың нақты кибершабуылдарға дайындығын арттыру және клиенттердің қаржылық деректерін қорғау екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз