Жаңалықтар

Елде вейп пен электронды темекіге тыйым салынуы мүмкін

Елде вейп пен электронды темекіге тыйым салынуы мүмкін
29.07.2023 23:37 392

Мәжіліс депутаттары ұлт саулығына қауіп төндіретін вейп пен электронды темекі мәселесін бірнеше жылдан бері ұдайы көтеріп келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдап, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған болатын.

Депутаттардың айтуынша, вейп пен электронды темекінің ұлт саулығына келтіретін залалы кәдімгі темекіден асып түспесе, кем емес. Сондықтан оған болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін заңнамалық шаралармен қарсы тұратын уақыт жетті.

Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, партиялықтар бұған дейін де жаңа жаман әдетке қарсы күресу үшін Үкіметке бірқатар жүйелі іс-шара ұсынған болатын.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Ол электронды темекінің бәріне қолжетімді және оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнаманың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерінің, Прокуратураның, «Атамекен» ҰКП және басқа да мекемелердің өкілдерімен жан жақты талқыладық, - деді Ж. Сүлейменова.

AMANAT партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин вейп және электронды шылымдардың сұйықтығына, оларды тауар ретінде енгізуге және оның айналымына толық тыйым салу туралы ұсынысты Үкіметке жолдады.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан вейп шегуді жастар арасында белең алған өзекті мәселелердің қатарына қосуға болатынын айтты.

Өкінішке қарай, бүгінде жастар түрлі жаман әдетке бой алдыруға бейім. Нашақорлық, ойын құмарлық, буллинг және кибербуллингпен қатар вейпинг те үлкен проблемаға айналды. Қазақстан тұтынушылар лигасының ақпараты бойынша, Астана мен Алматыда соңғы 6 айда вейп сатылымы 372%-ға өсті. Елімізде вейп сататын 6 мыңнан астам сауда нүктесі бар. Оларға толықтай тыйым салуды Мәжіліс депутаттары мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қолдады. Бұл жерде біз балаларымыздың болашағын басты орынға қойып отырмыз, - деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесіне сәйкес, 15 жастағы ұлдардың 14%-ы және қыздардың 6%-ы вейп шегіп көрген. Бұл зерттеуді 2022 жылы қайталаған кезде вейпті тұтыну көрсеткіші 3,6%-ға күрт өскені анықталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға