Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 259 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды. Бұл ретте ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Ауылдық жерлерде 655 медициналық нысан салынды
Медициналық көмектің қолжетімділігі емдеу мекемесінің тұрғындарға қаншалықты жақын орналасқанына байланысты. Үйге жақын орналасқан емхана немесе дәрігерлік амбулатория ауруды ерте анықтауға, уақтылы тексеруден өтуге және аудандық не облыстық орталыққа баруға кететін уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осы бағытта Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы жеті жылда елде 1 259 медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның 800-ден астамы соңғы үш жылда ашылған. Жаңа нысандардың қатарында 32 аурухана, 19 емхана, 1 196 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, үш ұлттық ғылыми медициналық орталық және қан орталықтары мен оңалту мекемелерін қоса алғанда, басқа да тоғыз ұйым бар.
Ауылдық медицинаны дамытуға ерекше назар аударылған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынды. Нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болып, шамамен 1 млн ауыл тұрғынына медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алу мүмкіндігі жасалды.
Өңірлерде жаңа ауруханалар мен емханалар ашылды
Медициналық инфрақұрылымды дамыту аясында республикалық маңызы бар ірі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ал Алматыда 350 төсек-орынға арналған Ұлттық ғылыми инфекциялық аурулар орталығы салынды.
Өңірлерде де бірқатар медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауылында аудандық аурухана, Риддер қаласында көпбейінді аурухана және Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Алматы облысының Ұзынағаш және Нарынқол ауылдарында әр ауысымда 250 адам қабылдайтын екі емхана салынды.
Саланы одан әрі дамыту 2024–2030 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында көзделген. Құжат аясында заманауи көпбейінді ауруханалар салу, медициналық ұйымдарды жобалауда халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған.
2030 жылға қарай денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 30%-ға дейін, ал медициналық мақсатқа бейімделген ғимараттардың үлесін 25%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Негізгі мақсат — сапалы медициналық көмекті елдің әрбір тұрғынына жақындату және қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет көрсету мүмкіндіктерінің айырмашылығын азайту.
Тегін дәрі-дәрмекке 1,3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді
Медициналық көмектің қолжетімділігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне де тікелей байланысты. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қажетті препараттарды тұрақты қабылдау аурудың асқынуын болдырмауға және шұғыл ауруханаға жатқызу қажеттілігін азайтуға көмектеседі.
Соңғы жеті жылда Қазақстанда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 трлн 284,8 млрд теңге бағытталған. Жыл сайын шамамен 3 млн пациент қажетті препараттарды тегін алады.
2019–2025 жылдары тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі 3,3 есе өсті. Егер 2019 жылы бұл мақсатқа 83 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы қаржыландыру көлемі 272,9 млрд теңгеге жетті.
Осы кезеңде тегін дәрі алатын азаматтардың саны 2,5 млн адамнан 3,4 млн адамға дейін артқан.
2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы жоспары 584,1 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға көп.
Дәрі-дәрмек сатып алу жүйесі жетілдірілуде
Қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, дәрілік заттарды сатып алу тетіктері де жетілдіріліп жатыр.
Отандық өндірістегі 66 дәрілік препараттың бағасы төмендетіліп, нәтижесінде бюджет қаражатының 10,3 млрд теңгесі үнемделген.
Отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарт жасау тәжірибесі де кеңейтілуде. 2026 жылы осындай келісімшарттар арқылы 404 түрлі дәрілік зат пен медициналық бұйымды сатып алу жоспарланған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 182 атауды құраған.
Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жалғасып жатыр. Биыл БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), ЮНИСЕФ және туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық тетіктер арқылы 32 түрлі дәрілік затты сатып алу қарастырылған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 23 атау болған.
Медициналық көмектің қолжетімділігі — басты мақсат
Медициналық нысандардың санын арттыру және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржыны көбейту денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды бағыттары болып отыр.
Бір жағынан, жаңа ауруханалар мен амбулаториялар медициналық көмекті тұрғындарға жақындатуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, тегін препараттар пациенттердің емделуіне қажетті шығындарды азайтуға бағытталған.
Алдағы кезеңдегі негізгі міндет — медициналық көмекке құқығы бар әрбір азаматтың қажетті дәрі-дәрмекті уақытылы алуын қамтамасыз ету және тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.