Жаңалықтар

Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға 2 трлн теңге қаржы мөлшері белгіленді

Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға 2 трлн теңге қаржы мөлшері белгіленді
18.10.2018 08:19 1583

Елбасы Жолдауын жүзеге асыру үшін 2 трлн теңге қаржы бөлу белгіленген. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов хабарлады.

Министрдің айтуынша, Елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке қажетті өзгерістер енгізілген.

«Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін Үкімет тарапынан үш жылдық мерзімге 1,288 трлн теңге қарастырылады. Осы мерзім аралығында республикалық бюджеттен 966,1 млрд теңге бөлінетін болады», — деді Ә. Смайылов.

Бұл қаражат ең төменгі жалақы мөлшерін, өңдеуші өнеркәсіп пен экспортты, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй несиесінің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, білім беру мекемелерінің құрылысы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Қаржы министрі ең төменгі жалақыны арттыру үшін үш жылда 288,9 млрд теңге немесе жыл сайын 96,3 млрд теңге қарастырылып отырғанын жеткізді. Оның ішінде 85,8 млрд теңге — 275 мың азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеруге, 10,4 млрд теңгесі салық шегерімінің ұлғаюы есебінен өңірлердің кіріс бөлігінің шығындарын өтеуге бағытталмақ.

«Мемлекет жалақының ең төменгі мөлшерін екі есеге арттырмақ. Бұл тек бюджеттік ұйымдар үшін ғана емес, барлық экономика үшін, барлық сала мен жекеменшік және мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындарға қатысты болады. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы республикалық бюджет қаражаты есебінен артатыны анық. Ал, жеке кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы жеке кәсіпорын жалақысы қоры арқылы көбейеді», — деді Ә. Смайылов.

ҚР ҚМ деректеріне сәйкес, қосымша шаралардың қабылдануын ескергенде, еліміз бойынша орташа еңбекақы 2019 жылы 9,1%-ға өсіп, халықтың нақты табысының өсімі 4,6% құрайды.

Өңдеу өнеркәсібін және экспортты дамытуға үш жылда 500 млрд тг астам қаржы бөлінеді, оның 322 млрд теңгесі – бұған дейін Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты қайта пайдалану.

Шағын және орта бизнесті дамытуға (БЖК–2020 бағдарламасы бойынша) үш жылға 90 млрд тг немесе жыл сайын 30 млрд теңгеден қарастырылған, оларды банктік неиселердің мөлшермелерін субсидиялауға бағыттау ұсынылған. Мемлекеттік қолдаудың аталған шараларымен моно– және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде салалық шектеулерсіз іске асырылатын бизнес жобалары қамтылады. Сондай-ақ, бұл экономиканың басым секторларында және өңдеу өнеркәсібінде қызмет істейтін кәсіпкерлердің жобаларына да қатысты. 4 мыңға жуық жаңа жоба қаржыландырылады деп көзделген, бұл қосымша 13 мыіңға жуық жұмыс орнын ашып, 2,5 трлн теңгеге өнім шығаруға жол ашады.

Ә. Смайыловтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үш жылға 300 млрд теңге немесе жыл сайын 100 млрд теңгеден бөлінеді.

Қосымша қаржы негізінен АӨК субъектілерін субсидиялау көлемін, «ҚазАгро» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға бағытталады. Соның нәтижесінде, 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының өңделген өнімінің экспорты және саладағы еңбек өнімділігі 2,5 есеге өседі.   

Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту және тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы сәтті іске асырылып жатыр. Оның орындалу мерзімін Президент тағы 5 жылға ұзартты.   

«Алдағы бес жылда Мемлекеттік бағдарлама бойынша 650 мыңнан астам тұрғын үй салуды көздеп отырмыз. Бұл шамамен екі млн азаматты баспанамен қамтамасыз етеді», — деді министр.   

«7–20–25» бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 100 мыңнан астам отбасы баспаналы бола алады. 3 жыл ішінде арендалық үй құрылысын ұлғайтуға 30 млрд тг бөлінеді, осылайша 250 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріледі.

Оқушылар орындарының тапшылығы аса байқалатын өңірлерде білім беру нысандарын салуға, сондай-ақ, үш ауысымды және апатты мектептерге қатысты мәселелерді шешу үшін бюджеттен үш жылға 50 млрд тг бөлінеді.

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, мектеп психологтарының жұмысын күшейту аясында 16,8 млрд тг немесе жыл сайын 5,6 млрд тг бөлінеді.

«Аталған қаражаттарды педагогикалық шеберлік біліктіліктері үшін қосымша ақы төлеуге, лауазымдық қызметақыны өсіруге және орта білім беру жүйесінің психологтарының біліктілігін арттыруға жұмсауды ұсынамыз», — деді Ә. Смайылов.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға