Ел үшін жан қиған ер: Ғазиз Байтасов атындағы медаль бекітіледі

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Бейбіт тұрғындардың өмірін құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен Ғазиз Байтасовтың ерлігі ұмытылмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның құрметіне арнайы медаль тағайындау бастамасын көтерді.

Есімімен медаль тағайындалады

Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында ел қауіпсіздігі мен армияны нығайту мәселесіне ерекше тоқталды. Президент өз сөзінде қоғамда шынайы батырларды ұлықтаудың маңызын атап өтті.

сурет: Ақордадан алынды 

Жастар үшін өнеге – елге адал қызмет еткен ар-намыс иелері болуы тиіc. Солардың бірі – террористі ұстау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов. Оның есімімен медаль тағайындалады, – деп атап өтті.

Бұл бастама – ел үшін жанын берген азаматтардың есімін мәңгі есте сақтау, жас ұрпақты шынайы ерлік рухында тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам.

Тараздағы қанды оқиға

2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында лаңкестік шабуыл болды. Қанды оқиға салдарынан жеті адам қаза тапты. Қоғамға қауіп төндірген қылмыскер – радикалды көзқарастағы Мақсат Қариев еді. Ол қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, автокөлік ұрлап, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оқ атты.

Сол сәтте ел тыныштығын қорғау жолында алдыңғы шепке шыққан – полиция капитаны Ғазиз Байтасов болды.

Қауіпті қылмыскерді қуып жеткен Байтасов оның жолын кеседі. Қаланың орталығында басталған атыс кезінде ол батылдықпен қарсы оқ жаудырып, қылмыскерді шегінуге мәжбүрлейді.

ашық дереккөз 

Алайда жағдай одан әрі күрделене түседі. Қарулы лаңкес граната қолдануға дайын тұрған еді. Сол сәтте капитан ауыр жарақат алғанына қарамастан, еш ойланбастан қылмыскерге қарай ұмтылады.

Ғазиз Байтасов террористі жерге құлатып, денесімен бүркеп, оны қозғалыссыз күйге түсіреді. Оның басты мақсаты – жарылыстың ашық кеңістікте болып, бейбіт тұрғындардың қаза табуына жол бермеу еді.

Келесі сәтте жарылыс болады. Террорист жойылады. Бірақ сол жарылысты өз денесімен тоқтатқан батыр офицер де қаза табады.

Бұл – секундтар ішінде қабылданған, бірақ ондаған адамның өмірін сақтап қалған шешім еді.

Мемлекеттік марапат және халық құрметі

Ерлігі үшін 2011 жылы Ғазиз Байтасовқа ең жоғары мемлекеттік марапат – «Халық қаһарманы» атағы (қаза болғаннан кейін) табысталды.

Кейінгі жылдары да батыр есімі ұмыт қалған жоқ. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына сапары барысында батырдың отбасымен кездесіп, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

ашық дереккөз 

Ғазиз Байтасовтың артында жары Гүлжамал Тәжиева мен екі ұлы – Арманжан және Әділжан қалды. Олар үшін ол батыр ғана емес, әке, отбасының тірегі еді.

Оқи отырыңыз