Тынық мұхитында қалыптасатын Эль-Ниньо климаттық құбылысы соңғы бірнеше онжылдықтағы ең жоғары деңгейіне жетуі мүмкін. Мамандар оның әсерінен әлемнің бірқатар өңірінде аптап ыстық, құрғақшылық пен су тасқыны қаупі артуы ықтимал екенін ескертеді. Бұл өзгерістер Қазақстанның климатына да әсер етуі мүмкін. Алайда елімізде биылғы қыс қандай болмақ және Эль-Ниньо ауа райына қаншалықты ықпал етеді?
Эль-Ниньо рекордтық деңгейге жетуі мүмкін
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның жаңа маусымдық болжамына сәйкес, қазан-желтоқсан айларында Тынық мұхитының Эль-Ниньо қалыптасатын бөлігіндегі су бетінің температурасы қалыпты көрсеткіштен 3,7 градусқа жоғары болуы мүмкін.
Егер бұл болжам расталса, 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың қаңтары аралығында тіркелген рекорд жаңарады. Ол кезде температуралық ауытқу 2,6 градус болған.
Ұйымның бағалауынша, Эль-Ниньоның 2027 жылдың ақпан айына дейін сақталу ықтималдығы 100 пайызға жуық. Осылайша, бұл құбылыс 1950 жылдан бергі ең күшті Эль-Ниньо кезеңдерінің бірі болуы мүмкін.
Эль-Ниньо дегеніміз не және ол неге қауіпті?
Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экватор маңындағы орталық және шығыс бөлігінде су бетінің әдеттегіден қатты жылынуынан пайда болатын табиғи климаттық құбылыс.
Мұхит суының жылынуы атмосферадағы ауа ағындарының қозғалысын өзгертіп, әлемнің әртүрлі бөлігіндегі температура мен жауын-шашын мөлшеріне әсер етеді. Соның салдарынан кейбір аймақтарда құрғақшылық күшейсе, енді бір өңірлерде нөсер жауын мен су тасқыны қаупі артуы мүмкін.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның басшысы Селеста Саулоның түсіндіруінше, Эль-Ниньо өздігінен қосымша жылу өндірмейді. Керісінше, мұхитта жиналған жылудың атмосфераға таралуына ықпал етеді.
Қазір мұхит суының температурасы рекордтық жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл климаттық құбылыстың әлемдік ауа райына ықпалын күшейтуі мүмкін.
Мамандар қазан-желтоқсан айларында Жер шарының көптеген бөлігінде ауа температурасы орташа көрсеткіштен жоғары болады деп болжап отыр. Дегенмен бұл барлық елде күн сайын аптап ыстық болады деген сөз емес.
Жауын-шашын мөлшері де өзгеруі ықтимал. Атап айтқанда, Орталық және Шығыс Азияның кейбір бөліктерінде, Арабия түбегінің солтүстігінде, Африканың шығысында, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Американың жекелеген аймақтарында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.
Ал Үндістан түбегінде, Орталық Американың оңтүстігінде, Кариб теңізі маңында және Оңтүстік Американың солтүстік-батысында құрғақ ауа райы басым болуы ықтимал.
Эль-Ниньо Қазақстанның қай өңірлеріне әсер етеді?
Бұл климаттық құбылыстың еліміздің ауа райына ықпалын бұған дейін «Қазгидромет» мамандары да зерттеген.
Синоптиктер 1951-2025 жылдар аралығындағы метеорологиялық бақылау деректерін талдап, Эль-Ниньо мен Қазақстанның кейбір өңірлеріндегі суық мезгілде түсетін жауын-шашын мөлшері арасында белгілі бір байланыс бар екенін анықтаған.
Әсіресе бұл заңдылық еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында айқынырақ байқалады.
Атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында Эль-Ниньоның жауын-шашын мөлшерімен байланысы салыстырмалы түрде жоғары екені анықталған.
Ал солтүстік өңірлерге қарай бұл байланыс біртіндеп әлсірейді.
Дегенмен мамандар Эль-Ниньоның Қазақстандағы ауа температурасына тікелей әрі тұрақты әсер ететінін растайтын заңдылық таппаған. Өйткені еліміздің климатына, әсіресе солтүстік және шығыс аймақтардағы температураға басқа да атмосфералық процестер ықпал етеді.
Биыл Қазақстанда қыс жылы бола ма?
Эль-Ниньоның күшеюі елімізде міндетті түрде жылы қыс болады дегенді білдірмейді. Сол сияқты бұл құбылысқа қарап, алдағы қыста қардың көп немесе аз жауатынын нақты айту мүмкін емес.
Мамандардың түсіндіруінше, жаһандық климаттық болжамдар әлемдегі ауа райының жалпы өзгеру бағытын көрсетеді. Алайда әр елдің, тіпті бір елдің әр өңірінің ауа райы әртүрлі қалыптасуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы қыстың қаншалықты суық немесе жылы болатынын, жауын-шашын мөлшерін нақты бағалау үшін «Қазгидрометтің» маусымдық және өңірлік болжамдарына сүйену қажет.
Біз бұған дейін Эль-Ниньоның әсерінен әлемдегі ең құрғақ шөл гүлге оранғаны туралы жазған едік.