Жаңалықтар

Ел экономикасы өскенімен, қазақстандықтардың жалақысы неге аз? Министрлер жауап берді

Ел экономикасы өскенімен, қазақстандықтардың жалақысы неге аз? Министрлер жауап берді
Фото: ©El.kz/Нұркен Алишев 15.10.2024 12:32 394

Бүгін Үкімет отырысыннан кейін баспасөз брифингінде БАҚ өкілдері қазақстандықтардың жалақысы не себепті аз және өспей жатқанын министрлерден сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров отырыста қаңтар мен қыркүйектің қорытындысы бойынша ел экономиканың өсуі 4,0%-ды құрағанын, негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ке өскенін айтты. Сондай-ақ инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалатынын жеткізді.

Брифингте тілшілердің қойған сауалына министр Нұрлан Байбазаров:

Экономика секторларын алатын болсақ, ондағы жалақы ол жердегі өндірістің өнімділігіне байланысты. Сондықтан жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар өздерінің табыстары, өндірісі артқан сайын сол жақта жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың жалақыларын көбейтуге тырысады. Біз оны білеміз. Екінші жағынан, мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде, мемлекеттік қолдауды алатын кәсіпорындар өздерінің жұмыскерлеріне жалақыны көбейту керек деген біздің тараптан талап бар, – деді Байбазаров.

Сондай-ақ министр соңғы жылдары бюджет есебінен мемлекеттік қызметшілердің, азаматтық қызметшілердің жалақысын көбейту туралы жұмыс жүргізілгенін және әлі де жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл үрдіс аяқталған жоқ. Халықтың әл-ауқатын жақсарту – бұл біздің басты міндетіміз, – деді ұлттық экономика министрі.

Жалақының неге өспей жатқаны жөнінде қаржы министрі Мәди Тәкиев бүгінгі таңда 100-150 мыңнан жалақы алатындардың саны 35 пайызды, ал 300 мыңнан 600 мыңды құрайтындар 36 пайызды көрсетіп отырғанын жеткізді.

Экономиканың өзінің құрылымы сондай. Жалпы, көп көмек беріп жатырмыз. Үш жылдың ішінде мұғалім, дәрігерлердің жалақысы екі есеге көбейді. Одан басқа ең төменгі жалақы 85 мың болды. Мұны да әрі қарай көтеру қажетін министрлік қарастырып жатыр. Сондықтан жалақыны көтереміз, – деді қаржы министрі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылдың соңына дейін 600 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеру туралы жоспар барын айтты. Ал қанша пайызға көтерілетіні бюджеттің мүмкіндігіне қарай анықталмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға