Ел бойынша республикалық «Отбасы ағашы» акциясы өтті

Халықаралық отбасы күніне орай еліміздің барлық өңірінде «Отбасы ағашы» атты республикалық акция өтті. Акция аясында «Мерейлі отбасы-2025» Ұлттық байқауы ресми түрде басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның барлық өңірлерінде, қала мен ауылдық елді мекендерде терек отырғызуға арналған жаппай шаралар ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде бұл акция бұрын саябақтардағы «Отбасы – бақыт мекені» атауымен аталған аллеяларда өтеді.
Жыл сайын осы аллеяларға жаңа ағаштар отырғызылады. Бұл – тату әрі берік қазақстандық отбасылардың символы іспеттес. Акцияның басты мақсаты — отбасылық дәстүрлердің маңызын көрсету, сондай-ақ отбасы институтын нығайту, табиғатты қорғау және қоғамдық бастамаларды дамыту арқылы болашақ ұрпаққа қамқорлық көрсету, - делінген мәліметте.
Іс-шараға танымал қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері, сондай-ақ өткен жылдардағы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары қатысты.
