Жаңалықтар

Ел аумағында 6 жыл заңсыз жүрген шетелдік азамат ұсталды

Ел аумағында 6 жыл заңсыз жүрген шетелдік азамат ұсталды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 04.08.2023 16:14 776

Қазақстан Республикасының аумағында 6 жыл тіркеусіз жүрген шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері көліктегі полициясы департаментінің қызметкерлері ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде екеуі мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін және біреуі заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін. Сондай-ақ 943 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов айтты.

Оның айтуынша, 2 тамызда Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің көлік полицейлері “Әскерилендірілген теміржол күзеті” ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп, Өзбекстан Республикасының 41 жастағы азаматын анықтап, ұстады. Ол тауар вагоны арқылы Алматы қаласына дейін жетпекші болған. Тексеру кезінде шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасының аумағында 6 жыл бойы тіркеусіз жүргендігі анықталды.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабының 1-бөлігі (Жүк пойыздарында заңсыз жүріп-тұру), 559-бабының 5-бөлігі (Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту) және 517-баптың 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, Т.Рысқұлов атындағы ауданның сотына жіберілді. Сот шешімімен шетелдік құқық бұзушыға әкімшілік жолмен Қазақстан Республикасынан тысқары жерге шығарып жібере отырып, ҚР аумағына 5 жылға кіруге тыйым салынды, – деді М.Айтуғанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға