Экспортқа шектеу жоқ: Елде 900 мың тоннадан астам картоп жиналды

 АШМ
Фото: АШМ

Қазақстан өңірлерінде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге 907 мың тонна өнім жиналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Өңірлерге қарай алқаптардағы баға килограмына 90-нан 120 теңгеге дейін өзгеріп отыр. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы өнім көлемін 2,7 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бұл ішкі нарықтың жылдық қажеттілігінен (шамамен 2 млн тонна) айтарлықтай жоғары.

Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Бөлшек саудадағы орташа бағалар да төмендеуде. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 194 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.

Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.

Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тоннаны құрайды және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды, — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.

Оқи отырыңыз