«Экранға қайта оралғым келеді»: бала кезінде танылған Ақерке Сүлейменова қазір қайда жүр?

«Экранға қайта оралғым келеді»: бала кезінде танылған Ақерке Сүлейменова қазір қайда жүр?
Фото: AI көмегімен жасалды

Бала күнінде «Ғашық жүрек», «Тракторшының махаббаты» сериалы арқылы көрерменге танылған Ақерке Сүлейменованы көпшілік экраннан көрмегелі біраз уақыт өтті. Бір кездері кино әлеміне кастинг арқылы келген жас актриса бүгінде диджитал саласында контент-продюсер болып жүр. Алайда өнерден қол үзбеген Ақерке актерлікке қайта оралып, көрерменмен қауышуды армандайтынын El.kz тілшісіне айтты.

– Сізді көрермен бала кезіңізден «Ғашық жүрек», «Тракторшының махаббаты» сериалы арқылы жақсы таныды. Бала кезіңізде киноға түсіп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөлену өміріңізге қалай әсер етті?

– Бала күнімдегі танымалдылықты ата-анамның дұрыс тәрбиесінің арқасында қалыпты қабылдадым. Олар халықтың махаббаты – көрерменнің ғана еңбегі екенін жиі айтатын. Уақыт өте келе атақ бәсеңдеді, тіпті сол кездің өзінде «кейін қолымнан түк келмей қалса ше» деген қорқыныш та болды. Жасырмаймын, жеңіл «жұлдыз ауруымен» ауырған шығармын, бірақ ол уақытша ғана нәрсе еді. Жылдар өте келе көрерменнің маған деген әрбір ықыласы алтынға бергісіз екенін шын түсіндім. Баян Мақсатқызы, Бағым Мақсатқызы және «КешYou» тобының қыздары сияқты өнер адамдарымен кездескенде, олардың мені әлі күнге дейін жылы шыраймен еске алатыны жүрегімді елжіретеді. Расында, мен тағдыр маңдайынан сүйген өте бақытты бала болдым.

Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан
Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан

«Талантымды жоғалтып алдым ба?» деп ойладым

– Бұл киноларға кастинг арқылы өттіңіз бе?

– Иә, кино мен сериалдарға тек кастинг арқылы келдім. Баян Мақсатқызының жобалары мен үшін керемет жан – Меруерт Есеннен басталды. «Айгөлек» байқауынан кейін Оқушылар сарайында вокалмен айналысып жүргенімде, «Ғашық жүрек» сериалына кастинг жарияланды. Ол кезде бойымда актерлік қабілет бар екенін мүлде білмедім, тіпті актерліктен қорықтым десем де болады. Бірақ анам мен әжемнің қолдауымен 3 ай бойы сынама түсірілімдерге қатысып, ақыры рөлге бекітілдім. Осыдан кейін кино саласының мамандары мені тани бастап, басқа да жобаларға шақырды.

– Кинодағы образдарыңыз әлі күнге көрерменнің есінде. Бірақ ұзақ уақыт киноға түспей кеттіңіз. Неге? Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз?

– Бұл – өзімді де жиі толғандыратын сұрақ. Бәрі жарқын басталғанымен, 5-6 жылдан кейін түсірілімдер саябырсыды. Кастингтер мен сынамаларға баруды тоқтатқан жоқпын, бірақ бұрынғыдай ауқымды жобалар болмады. Бәлкім, бұл Жаратушының маған дайындаған бір сынағы немесе жоспары шығар. Тіпті «талантымды жоғалтып алдым ба?» деп те ойладым. Бірақ олай деу қате, өйткені мен әлі де мықты актриса болғым келеді. Мектепті бітірген соң Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдадым. Қазір диджитал саласында контент-продюсер болып жүрмін. Сценарий жазу, қысқа роликтер түсіру жұмыстары қолымнан өте жақсы келеді. Дегенмен, шын сұрасаңыз, жүрегім бәрібір актерлік өнерді қалайды.

Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан
Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан

Өтірік айта алмаймын

– Фильмдерде тек актриса ретінде танылмай, ән де айтатынсыз. Жалпы талант қанмен берілген қасиет пе? Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші?

– Мен кинодан бұрын ән айтуды бастағанмын. Бұл өнер маған қанмен берілген шығар. Бірақ отбасымызда оны байқап, кәсіби деңгейде дамытқан бірінші адаммын. Дауысымды үш жасымда әжем байқап, анама бағыт-бағдар берген екен. Біз қарапайым отбасымыз. Әкем – зейнеттегі әскери адам, анам – есепші, бұрын мұғалім болған. Ағамның ойлау жүйесі маған қарағанда техникалық бағытта. Дегенмен, әр қазақтың отбасындағыдай, біздің әулетте де той-томалақта жақсы ән шырқайтын кісілер көп. Әлі күнге дейін отбасылық жиындарда жақындарым «Ақерке, ән айтып берші» деп қолқа салып жатады.

– Киноға түсіп, өнер саласында жүрген кезіңізде алған тәжірибеңіз қазіргі оқуыңызға немесе өміріңізге көмектесті ме?

– Керісінше болды деп айтар едім. Менің өмірге деген көзқарасым мен ішкі сезімдерім бойымдағы актерлік қабілетті оятты. Шын өмірде мен өте нашар актрисамын – мүлде өтірік айта алмаймын, барлық эмоциям жүзімнен-ақ көрініп тұрады. Сондықтан экрандағы шынайылығым өмірдегі осы табиғи қалпымнан туындаған шығар.

Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан
Фото: Ақерке Сүлейменованың жеке мұрағатынан

Түсірілім алаңын сағындым

– Кішкентай кезіңізде камера алдында жұмыс істеу сізге оңай болды ма? Қазір қайтадан киноға шақырса, бұрынғыдай қызығушылықпен қабылдар ма едіңіз?

– Бала кезде камера алдында жұмыс істеу маған өте жеңіл болды. Басында аздап ұялсам да, режиссердің «Бастадық!» деген сөзін естігенде камераның бар екенін ұмытып кететінмін. Егер қазір қайтадан киноға шақырса, әрине, қуана келісер едім. Сапалы жобаларға деген қызығушылығым еш бәсеңдеген емес. Түсірілім алаңын, ондағы ерекше «химияны» қатты сағындым.

– Бала кезіңіздегі Ақерке мен қазіргі Ақеркенің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?

– Қазіргі мен сәл қаталдау, ұялшақ әрі тұйықтаумын. Бірақ достарым мен жақындарым үшін мен баяғы кішкентай Еркешамын. Ішкі дүниемде айтарлықтай үлкен, түбегейлі өзгерістер болған жоқ деп ойлаймын.

– Сізді экраннан көріп өскен көрермендеріңіз «Ақерке қазір қайда жүр?» деп қызығушылық танытып жатады. Қазір өзіңіз туралы олар не білгенін қалар едіңіз?

– Өнерге деген құштарлығым сөнбегенін, экранға қайта оралып, көрерменмен қауышқым келетінін білгенін қалаймын. Болашақ рөлдерім арқылы көрерменнің ішіндегі айтылмай жүрген сезімдерін дөп басып жеткізіп, біреудің жанына дауа болғым келеді. Оларға айтарым: алда әлі талай жақсылық бар, бәріміз бірге бақытты боламыз! Мені экраннан көріп өскен жандармен қол ұстасып, олардың ішкі дүниесінің айнасы болғым келеді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Акерке Сулейменова (@erkepok)

– Өнер жолын жалғастыру туралы нақты жоспарыңыз бар ма? Алдағы уақытта көрермен сізді қайтадан экраннан көре ала ма?

– Өнер жолынан ешқашан бас тартқан емеспін. Жаратушы жұлдызымды қайта жағып, оның енді ешқашан сөнбеуіне мүмкіндік береді деп қатты сенемін. Бұл дәл қашан болатынын дөп басып айта алмаспын, бірақ мен сол сәтті үлкен үмітпен күтемін.

– Егер сізге дәл қазір армандаған рөлді ұсынса, қандай кейіпкерді сомдағыңыз келер еді?

– Нақты бір рөлді атау қиын, бірақ оның мінезін сипаттап бере аламын. Мен өте батыл, сонымен бірге мейірімді, шынайы әрі осы әлемге жарық сыйлағысы келетін кейіпкерді сомдағым келеді. Ол тарихи тұлға немесе қарапайым өмірдегі жан болуы да мүмкін. Шын мәнінде, бұл өмірде әрқайсысымыз өз тағдырымыздың батырымыз ғой.

– Әңгімеңізге рақмет!

Оқи отырыңыз