Көпшілігіміз вакцинацияны тек бала кезде жасалатын шара деп қабылдаймыз. Бірақ қауіпті инфекциялардан қорғану ересек жаста да ауадай қажет. Екпеден бас тартып, «табиғи иммунитет аламын» деудің соңы неге әкеп соғуы мүмкін? Жасы келген сайын иммунитетті қалай сақтау керек және «сиқырлы таблеткаларға» сену неге қауіпті?
Бұл сұрақтарға ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының эпидемиологі Марияш Жайсанбаева мен инфекционист дәрігер Әлия Шуртанбайқызы тұшымды жауап беріп, өз тәжірибелерін бөлісті.
– Марияш Толыбайқызы, бүгінде адам үшін қай инфекциялық аурулар ең қауіпті және олардан қорғану ең алдымен не нәрсеге байланысты?
– Бүгінгі таңда, негізі адамзат тарихында да солай болған, ең үлкен қауіп жуғу қабілеті жоғары, яғни тез таралатын әрі өлім-жітім көрсеткіші ауыр, карантиндік немесе аса қауіпті деп аталатын аурулардан төнеді. Бұл – оба, геморрагиялық безгек, шын шешек, сібір жарасы, тырысқақ сияқты дерттер. Сондай-ақ аса қауіпті топқа жатпаса да, өлім-жітім жиілігі жағынан кем түспейтін аурулар бар (туберкулез, құтыру, сіреспе, дифтерия). Олардың біршамасын, бағымызға орай, вакцина арқылы ауыздықтауға болады.
Олардан қорғану деңгейі мына факторларға тікелей байланысты:
- Жеке иммунитет: вакцина алу немесе ауруды бастан өткеру арқылы ағзаның арнайы дамитын қорғаныс қабілеті.
- Ұжымдық иммунитет: қоғамда иммунитеті бар (яғни вакцина алған) адамдардың үлесі көп болғанда, вирустың таралуына жол берілмейді де, эпидемия өршімейді.
Адамзаттың қолында вакцинация сияқты инфекцияларды бақылауда ұстайтын тиімді құралдың болғанына шүкір. Осының арқасында полиомиелит, шын шешек, дифтерия, сіреспе мен құтырудың қаупі түп-тамырымен дерлік жойылды.
Алайда, өкінішке қарай, вакцинадан бас тарту салдарынан соңғы кездері қызылша мен қызамық сияқты өте қауіпті дерттер қайта бас көтере бастады.
– Әлия Шуртанбайқызы, вакцинация инфекциялардың алдын алудың басты жолдарының бірі болып қала береді. Ересектердің ішінде ол кімдерге ерекше қажет және нақты бір адамға қай вакциналар керектігін қалай анықтауға болады?
– Вакцинация инфекциялық аурулардың алдын алудың негізгі әдістерінің бірі болып қала береді. Ересек адамға қатысты біз, ең алдымен, оның жасын, екпе анамнезін және қауіп факторларының бар-жоғын бағалаймыз.
Вакцинацияға, әсіресе, созылмалы аурулары бар, медициналық және басқа да кәсіби қауіп топтарында жұмыс істейтін, жиі саяхаттайтын, адамдармен көп қарым-қатынаста болатын адамдардың, сондай-ақ егде жастағы кісілер мен иммундық тапшылығы бар пациенттердің мұқият болғаны маңызды.
Нақты бір адамға қай екпелер қажет екенін анықтау үшін оның екпе анамнезін талдау керек. Бұл орайда біз екпе паспортын немесе медициналық құжаттарды қарап, адамның қандай аурулармен ауырғанын, қандай вакциналар алғанын және соңғы доза қашан салынғанын анықтаймыз.
Одан әрі бұл мәліметтерді профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесімен және жеке көрсеткіштермен салыстырамыз. Мысалы, Қазақстанда дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация 16 жастан бастап және одан әрі әр 10 жыл сайын жүргізіледі. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша және жекелеген кәсіби топтарға арналған екпелер де бар.
Яғни, ересек адамның вакцинация жоспары – бұл бәріне бірдей ортақ тізім емес, әркімге арналған жеке күнтізбе.
Көпшілік екпе тек балаларға керек деп есептейді. Ересек жаста қай ревакцинацияны жиі ұмытып кетеміз және оның салдары неге әкеп соғуы мүмкін?
Бала кездегі екпелерден кейін вакцинация аяқталады деп ойлау – ең жиі жіберілетін қателіктердің бірі. Шын мәнінде, кейбір инфекцияларға қарсы иммундық қорғаныс уақыт өте келе төмендейді. Содан қайталама екпелер қажет болады.
Қазақстанда ересектерге арналған негізгі қайталама екпелердің бірі – 16 жастан бастап әр 10 жыл сайын салынатын дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе. Бұл өте маңызды, өйткені сіреспемен ауырып жазылғанның өзінде ағзада сенімді иммунитет қалыптаспайды, ал инфекцияның өзі өте ауыр өтуі мүмкін.
Сондай-ақ ересектерге, әсіресе егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы бар пациенттерге, жыл сайын тұмауға қарсы екпе алып тұруды ұмытпаған жөн.
Бұдан бөлек, жас ерекшелігіне, кәсібіне, денсаулық күйіне және эпидемиологиялық жағдайға байланысты басқа да инфекцияларға қарсы вакцинация немесе ревакцинация (мысалы, қызылша өршіген кезде) қажет болуы мүмкін.
Жүктілікке дайындық кезеңінде вакцинацияның (мысалы, қызылшаға, қызамыққа, су шешекке қарсы) маңызы қаншалықты жоғары?
Бұл жерде мен вакцинация мәртебесін жүктілікке дейін тексерген әлдеқайда дұрыс екенін ерекше атап өтер едім. Өйткені кейбір вакциналарды жүктілік кезінде салуға болмайды. Оған қарсы көрсетілім бар. Әсіресе, бізді қызамықтан, қызылшадан және су шешектен қорғаныс деңгейі қызықтырады.
Мысалы, жүктілік кезіндегі қызамық, ең алдымен, әйелдің өзіне емес, іштегі ұрыққа қауіпті. Инфекция бала үшін өте ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті де жүктілікке дейін әйелде иммунитет бар екеніне немесе оның екпені уақтылы алғанына көз жеткізіп алу қажет.
– Жасы келген сайын иммундық жүйе қартаю процесінен (иммуноқартаюдан) өтеді. Егде жастағы адамдар үшін қай инфекциялар ең үлкен қауіп төндіреді және қай екпелер өмір сапасын сақтап қалуға көмектеседі?
– Жасы келген сайын иммундық қартаюдың жүретіні анық. Сол себепті де жасы үлкен адам үшін инфекциялардың алдын алу ерекше маңызды.
Ең үлкен қауіпті жас адамдарда салыстырмалы түрде жеңіл өтетін, ал егде жастағы пациенттерде пневмонияға, созылмалы аурулардың асқынуына (декомпенсациясына), ауруханаға түсуге және өз бетінше күтіну қабілетінен айырылуға әкеп соғатын инфекциялар төндіреді.
Ең алдымен, бұл – тұмау, пневмококк инфекциясы, COVID-19, сондай-ақ жас ерекшелігі мен жеке қауіп факторларына байланысты басқа да респираторлық инфекциялар.
Сол себепті жасы үлкен адамды вакцинациялау – бұл тек инфекцияның өзінен қорғану емес. Бұл – ауруханаға түсіп қалудың, асқынулардың, созылмалы аурулардың меңдеп кетуінің және өмір сапасын жоғалтудың алдын алу.
– Медициналық орталық ауруханасында инфекциялық аурулардың алдын алу үшін қандай мүмкіндіктер бар? Қандай вакциналар қолданылады және олар қай дерттерден қорғауға көмектеседі?
– Медициналық орталық ауруханасында инфекциялық аурулардың алдын алуға өте жақсы мүмкіндіктер жасалған. Нәтижелі бағыттардың бірі – арнайы профилактика, яғни вакцинация.
Медицина мекемесінде В гепатитіне, қызылшаға, пневмококк инфекциясына қарсы вакциналар, сондай-ақ АДС-М (дифтерия мен сіреспеге қарсы) және тұмауға қарсы маусымдық екпелер бар. Вакцинация жас ерекшелігін, екпе анамнезін ескере отырып, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша және маусымдық кезеңде жүргізіледі.
– Иммунопрофилактика төңірегінде әлі де болса жаңсақ пікірлер аз емес. Жиі кездесетін қай мифтер денсаулыққа шынымен қауіп төндіруі мүмкін?
– Ең кең тараған жаңсақ пікірдің бірі – вакцинация негізінен балаларға ғана қажет деген түсінік. Шын мәнінде, иммунопрофилактика адамды өмір бойы сүйемелдейді. Ересектерге де ревакцинация мен эпидемиологиялық, кәсіби көрсеткіштер бойынша вакцинация қажет.
Екінші жиі кездесетін миф – «екпе алған соң адам сол аурумен міндетті түрде ауырады» деген ұғым. Мұндада екпеден кейін инъекция орнының ауырсынуы немесе дене температурасының көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар ғана болуы мүмкін.
Тағы бір қауіпті жаңсақ пікір – «ауруды табиғи жолмен бастан өткеріп, табиғи иммунитет алған артық» деген ой. Иә, кейбір инфекциялардан кейін иммунитет қалыптасатыны рас. Бірақ ондай «табиғи иммунитеттің» ақысы өте жоғары болуы мүмкін. Инфекцияның өзі ауыр асқынуларға, ауруханаға түсуге, ал кейде өлім-жітімге де әкеп соқтырады.
Сонымен қатар «инфекция қазір сирек кездессе, оған қарсы екпе салудың керегі жоқ» деген пікір де қауіпті. Аурушаңдықтың төмендеуі – дәл осы сәтті жүргізілген вакцинацияның нәтижесі. Егер екпе алуды тоқтатсақ, ұмыт болғандай көрінген дерттер қайтадан кең тарала бастауы мүмкін.
– Жиі «иммунитетті көтеру» қажеттілігі туралы естіп жатамыз. Шын мәнінде иммундық жүйенің жұмысына не әсер етеді және оны «қолдаудың» жолдары қайсы?
– «Иммунитетті көтеру» деген сөз жиі айтылады. Бірақ оның қалыпты жұмысына, ең алдымен, басты қарапайым факторлар әсер етеді: толыққанды әрі әртүрлі тамақтану, жеткілікті ұйқы, тұрақты дене белсенділігі, созылмалы ауруларды бақылауда ұстау, зиянды әдеттерден арылу, сондай-ақ созылмалы стресті азайту.
Вакцинацияның да маңызы өте зор. Бұл – иммундық жүйені нақты бір инфекциямен кездесуге дайындаудың ең ғылыми дәлелденген жолдарының бірі: вакцина ағзаны антигенмен «таныстырып», арнайы иммундық есте сақтау қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл орайда «иммунитетті ынталандырады» және барлық инфекциядан бірдей қорғайды деп уәде беретін сан алуан препараттар мен БАД-тарға сақтықпен қараған жөн. Дәрігердің көрсетілімінсіз «иммунитет үшін» дәрумендерді іше беруге де дәл осылай қарау керек. Дәрумендер мен микроэлементтер ағзаға қажет. Бірақ оларды неғұрлым көп қабылдасаң, иммундық жүйе соғұрлым жақсы жұмыс істейді деген сөз емес.
Сол себепті мен былай дер едім: иммундық жүйені қолдаудың ең жақсы жолы – «сиқырлы таблетка» іздеу емес, оның қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау және арнайы профилактиканы уақтылы жүргізіп отыру.
– Иммундаудан бөлек, күнделікті өмірде инфекциялық аурулардың қаупін азайтуға шынымен көмектесетін қандай алдын алу шаралары бар?
– Вакцинациядан басқа, қарапайым болғанымен, өте нәтижелі шаралардың тұтас кешені бар. Ең алдымен – қол гигиенасы. Қолды сабынмен тұрақты жуу, әсіресе, қоғамдық орындарға барғаннан кейін, әжетханадан соң, тамақ дайындарда және тамақтанар алдында өте маңызды. Су мен сабын қолжетімсіз болған жағдайда қолға арналған антисептикті пайдалануға болады.
Таза су мен қауіпсіз тағамның да маңызы кем емес: азық-түлікті дұрыс термизиялық өңдеу, оларды сақтау шарттарын орындау, шикі және дайын өнімдер үшін асүй құралдарын бөлек пайдалану керек.
Тыныс алу жолдарының инфекциялары кезінде бөлмені желдетіп алудың және сырқаттанған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болмаудың маңызы зор.
Қан және жыныстық жолмен таралатын инфекциялардың алдын алу үшін қауіпсіз медициналық араласу, стерильді құралдарды пайдалану және жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды.
Соңында, дәрігерге уақтылы қаралудың да мәні зор. «Әйтеуір сақтанайын» деп өз бетінше антибиотик ішудің қажеті жоқ: антибиотиктер бактерияларға ғана әсер етеді. Ал вирустық инфекцияларды емдемейді, оларды орынсыз қолдану бактериялардың төзімділігін арттырады.
Осылайша, инфекциялық аурулардың алдын алу – бұл жалғыз ғана шара емес, ол вакцинация, гигиена, қауіпсіз тамақ пен су, науқастармен қарым-қатынастағы саналы мінез-құлық және өз денсаулығыңа деген жауапкершіліктің жиынтығы.
– Марияш Толыбайқызы, эпидемиология саласында жұмыс істеген жылдар ішінде өзіңіздің вакцинацияға деген көзқарасыңыз қаншалықты өзгерді? Кәсіби жолыңыздың басына қарағанда, бүгінде пациенттерге басқаша түсіндіретін сәттер бар ма?
– Вакцинация – ауыр инфекциялардың, олардың асқынулары мен өлім-жітімнің алдын алудың ең пәрменді әрі тиімді жолы екеніне деген сенімім жылдар өте келе нығая түсті. Тәжірибе артқан сайын, келтіретін дәлелдерің де эмоционалды түрде әсерлірек шығатын сияқты. Өйткені эпидемиологтың тәжірибесі – бұл әрдайым дерлік ауыр жоғалтулар мен өлім-жітім жағдайлары. Мысалы, мен адамдардың дифтериядан, сіреспеден қалай көз жұмғанын өз көзіммен көрдім. Әттең, бірақ сол кезде жалғыз бір салынған екпенің өзі ажалдан арашалап қалуы мүмкін еді...Өкінішке қарай...
– Сіздің ғылыми жұмысыңыз вирустық гепатиттердің эпидемиологиясына және А гепатитін вакцинамен алдын алуға арналды. Неліктен бұл тақырып ғылыми қызығушылығыңызды тудырды және ол кейінгі кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?
– Менің кандидаттық диссертациям Қазақстанның Арал маңы өңіріндегі энтералды гепатиттердің эпидемиологиясы мәселелеріне және 1977-1978 жылдары Қызылорда облысында болған Е вирустық гепатитінің (ЕВГ) өршуін анықтауға арналды. Бұл тақырыпқа менің қызығушылығымды оятқан практикалық эпидемиологиядағы алғашқы тәлімгерім, кезінде Қызылорда облысының бас эпидемиологі болған Бротт Августина Генриховна еді. Ол 1977-1978 жылдардағы өршуді сипаттай отырып, мұның берілу жолы тұрмыстық қарым-қатынас немесе фекалды-оралды болып келетін энтералды гепатит екенін, бірақ Боткин ауруы (бұрын А вирустық гепатитін осылай атайтын) емес екенін айтатын.
Вирустық гепатиттерге арналған халықаралық ғылыми конгрестер мен конференцияларда халықаралық сарапшылардың Қазақстанның Арал маңы өңірін ЕВГ бойынша эндемиялық аймақ деп атауы бұл тақырыпты одан әрі зерттеуіме түрткі болды. Алайда ол кезде бұл ресми инфекциялық аурушаңдық статистикасымен расталмаған еді.
Ал ең өзекті, жеке себебіне келсек. Бұл індет менің көптеген жерлесімнің, соның ішінде немере ағамның да өмірін қиып кетті. Осы жердің тумасы болған соң, туған жерің үшін қолдан келетін, өз құзыретіңдегі ең болмағанда кішкентай болса да бір пайдалы істі жасауға тиіссің ғой.
– Медицинадан сізді соншалықты баурап алған, өміріңізді осы саламен байланыстыруға себеп болған не нәрсе еді?
– Мен өмір бойы дәрігер болатынымды армандадым, тіпті осы жолды таңдайтынымды анық білдім. Мектеп қабырғасында жүргенде дүйім дүниеге аты мәшһүр ғалымдар – Эдвард Дженнер, Луи Пастер, Александр Флеминг, Сергей Лебедев, Зинаида Ермольева, Михаил Чумаков, Анатолий Смородинцев пен өзге де көптеген тұлғаның ғибратты өмір жолы мені қатты сусындатты. Олар өз еңбектерімен бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін аман алып қалды. Соларға сүйсіне отырып, кішкентай кезден-ақ жүздеген жанды бір мезетте құтқарып жүргенімді көз алдыма елестетуші едім...
Есіңізде ме, кеңестік пенициллиннің авторы З.В. Ермольева туралы «Открытая книга» және полиомиелитке қарсы тірі вакцинаның авторы М. Чумаков туралы «Шаг» деген кеңестік фильмдер болушы еді. Сол вакцина үлкен қиындықтармен Жапонияға жеткізіліп, миллиондаған баланың өмірін арашалап қалған болатын.
Міне, мен де өзімді сондай сәттерде елестететінмін. Биік мақсат пен адамдарды құтқару жолында өз жайлылығыңды, уақытыңды құрбан ету... Шынайы өмірдегі кішкентай қыздың арманы әдемі көйлектер мен кештер емес, міне, осындай болды...
Кейін институттың санитарлық-гигиеналық факультетіне түстім. Ғажабы сол, өндірістік гигиенаға ынтам ауып, Қарағанды бассейніндегі кен орындары шаңының адам ағзасына тигізетін әсерін зерттейтін ғылыми үйірмеде жұмыс істедім. Дегенмен тағдыр мені эпидемиологияға алып келді. Бәлкім белгілі бір дәрежеде кездейсоқ та болған шығар. Ал кейіннен бұл бүкіл саналы өмірімнің басты ісіне айналды.
– Осы жылдар ішінде медицина сізді адамдар мен өмірдің өзі туралы не нәрсені ұғынуға үйретті? Осы сұхбатты оқыған адам өз денсаулығына деген көзқарасынан нені өзгертсе екен дейсіз?
– Өмір туралы айтар болсам, қаншалықты жауыр болған сөз болып көрінсе де, бұл өмірде АДАМ ӨМІРІНЕН ҚЫМБАТ ЕШНӘРСЕ ЖОҚ және ешкімнің оны, тіпті өзінен де тартып алуға құқығы жоқ.
Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің. Ауырмай аман-сау жүргенде, адам үшін денсаулықтан қадірсіз әрі арзан нәрсе жоқ сияқты (ондайды бағалайтын сирек адамдарды айтпағанда). Денсаулықтың нағыз бағасын адамдар тек одан айырылғанда ғана түсінеді.
Нені өзгертсе екен деймін? «Ар-намысыңды жасыңнан сақта» демекші, арыңды ғана емес, ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ ДА жасыңнан күтуің керек. Сен өз денсаулығың үшін, балаларыңның денсаулығы мен бүкіл қоғамның амандығы үшін жауаптысың. Бұны бізге пандемия өте айқын әрі анық көрсетіп берді.