Жаңалықтар

Экономиканың екі айдағы өсуі: Былтырғыдан биыл жақсы

Экономиканың екі айдағы өсуі: Былтырғыдан биыл жақсы
Фото: Үкімет 15.03.2023 16:52 1030

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен бүгін өткен Үкімет отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Ә.С. Қуантыровтың айтуына қарағанда өсім көрсеткіштері жаман емес, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ағымдағы  жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3%-ке өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,7%-ті, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5%-ті құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті.Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 19,2%-ті құрады, - деп мәлімдеді ол.

Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 72,8%-ке, ауыл шаруашылығында – 33,1%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 12,1%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 14,1%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,2%-ке, өңдеу өнеркәсібінде – 7,2%-ке өскен.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім көрсеткіштеріне Ұлытау, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстары қол жеткізген.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылдың қаңтарында еліміздің сыртқы сауда тауар айналымы 15,7%-ке өсіп, 10,3 млрд. долларды құраған. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4%-ке өсіп, 6,1 млрд. долларға дейін жеткен. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5%-ке ұлғайып, 2,1 млрд долларды болған.

Тауарлар импорты 4,2 млрд. долларға жетті. Көріп отырғанымыздай, экспорт импортқа қарағанда басым сипатқа ие. Жалпы, оң сауда балансы 1,9 млрд доллар деңгейінде қалыптасқан. Импортқа қарағанда экспорттың басым болуы – еліміз үшін игілік. Бұл шет елдерге өнімді көп сатып, олардан аз сатып аламыз деген ұғымды білдіреді. Әрине, экспортымыздың көп бөлігін мұнай-газ және кен-металлургия өнімдері құрайтындығы белгілі. Демек біз әлі де шикізат экономикасында тұрған елміз. Дегенмен сөз болып отырған мерзім ішінде өңделген тауарлар экспортының 21,5%-ке ұлғайып, 2,1 млрд долларды құрағаны – көңілге медеу боларлық жағдай.

Қуантыровтың мәлімдеуінше өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып келеді. Оның өндіріс көлемі 2,5%-ке өскен. Демек әлі де болса бұл мардымсыздау өсім.

Өндеу өнеркәсібі көрсеткіштерінің өсуі 16 өңірде тіркеліпті. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Алматы облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Бұл салада машина жасау өндірісінің 31,5%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 34,2%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 48,7%-ке өсуі экономиканың осы секторы әдеттегідей қарқынды даму үстінде екенін білдіреді.

Сондай-ақ тауарларды өңдеу бойынша азық-түлік өндірісі – 9,6%, мұнай өңдеу өнімдері – 5,4%, химия өнеркәсібі – 3,6%, сусындар өндірісі – 22,6%, фармацевтика өндірісі – 16,7%, жеңіл өнеркәсібі – 34,3% өсе түскен екен.

Қуантыровтың баяндауынша, еліміздің шикізат секторы да даму үстінде. Мәселен тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,5%-ке жоғарлады. Сала бойынша көмір өндіруді қоспағанда, барлық салалары бойынша өсім байқалаған. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру – 2,1%-ке, газ өндіру – 1,1%-ке, мұнай өндіру – 0,1%-ке, сондай-ақ өзге де  пайдалы қазбаларды өндіру – 12,9%-ке өскен. Сондай-ақ ау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,5%-ке жоғарлаған.

Қазақстан құрылыстың қарқындылығымен ерекшеленіп келе жатқан ел. Бұған осы салаға салынып жатқан инвестициялардың, түрлі ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуының әсері мол. Осылардың есебінен құрылыс жұмыстарының көлемі 12,8%-ке ұлғайған екен.

Құрылыста Жетісу облысынан басқа барлық өңірлерде оң өсу көрсеткіштері тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Абай және Қызылорда облыстарында байқалған.

Қуантыровтың мәлімдеуінше үстіміздегі жылғы жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысында елімізде 2,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,2%-ке жоғары көрсеткіш.

Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген.

Баяндамада атап көсетілгендей, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының жалпы өндірісі 3,9%-ке ұлғая түскен. Өндірістің өсуі 16 өңірде, яғни еліміздің барлыө өңірінде тіркеліп отыр. Соның ішінде ең жоғарғы өсім Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Қостанай облыстарына тиесілі болды.

Ал экономиканың басты негізге алынатын 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы оң өсім 6 өңірде, атап айтқанда Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында,  сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Демек осы облыстарда жалпы жұмыс жақсы жүрді деп айтуға болады.

Әдеттегідей Үкімет отырысында қаралған осы мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов ел экономикасының   жыл басынан бері   орнықты өсіп келе жатқанын атап көрсетті. Сондай-ақ мәселеде сөз болған негізгі көрсеткіштерге қайыра бір тоқталып өтті. Премьердің сөзін келтіре кетейік:

«Екі айда   Жалпы ішкі өнім көлемі   өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда   4,3%-ке өсті. Экономиканың нақты секторы   тұрақты өсімді қамтамасыз етті.

Өңдеу өнеркәсібінде   өндіріс көлемі – 2,5%-ке, құрылыс – шамамен 13%, ауыл шаруашылығы – 4%   және қызмет көрсету саласы – 5%-ке өсті. Машина жасау саласында – 31%, оның ішінде автомобиль жасауда – 46%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде –  34% оң серпін байқалып отыр.

Сондай-ақ, фармацевтика шамамен – 17%-ке, химия өнеркәсібі – 3,5%, жеңіл өнеркәсіп – 34%-ке өсті. Азық-түлік өнімдерін шығару – 10%-ке, минералды өнімдер – 8%, дайын металл бұйымдарын өндіру –  12,5%-ке ұлғайды. Мұнай өңдеу – 5,5%-ке өсті. Электр энергиясында – 4,5%, металл кендерін өндіруде – 2,5% өсім тіркелді. Қызмет көрсету секторында   ақпарат және байланыс – 12%, көлік – 6%   және сауда – 11,5% жоғары өсім көрсетті. Тау-кен өндіруді қоспағанда   негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі   24%-ке өсті» деп мәлімдеді Әлихан Смайылов.

Ол осы ретте сыртқы   және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып,   алдағы айларда да   экономиканың тұрақты өсу қарқынын   ұстап тұрудың өте маңызды екенін атап көрсетті.

Осыған байланысты, министрлер   өңір әкімдерімен бірлесіп,   экономиканы одан әрі әртараптандыру мен   тұрақты жұмыс орындарын құруға   басымдық беруі  қажет. Іскерлік белсенділікті арттырып,   экономиканы сапалы дамыту үшін   ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту,   жоспарланған инвестициялық жобалар пулын   іске асыру жұмысын   күшейту керек, - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы өңірлерде   бизнес-бастамаларды жандандыру мақсатында   индустриялық аймақтарды,   Алматы және Шымкент қалаларының тәжірибесі бойынша   шағын өнеркәсіптік парктерді   одан әрі дамытуды   қамтамасыз ету қажет екенін айтып, тиісті тапсырмалар берді.

Кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту,   сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін   төмендету жөніндегі шараларды   іске асыру маңызды екеніне тоқталып өтті.

Осы ретте, тұрақты негізде   бизнеспен диалог жүргізіп,   олар көтеретін   барлық проблемалық мәселелерді   шешу қажеттігін кесіп айтты.

Премьердің сөзінше, нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету   және халықтың нақты табысын арттыру   негізгі басымдық болып қала береді. Сондықтан өңір әкімдері   әлеуметтік маңызы бар   азық-түлік тауарларының бағасын   тұрақтандыру жұмысын   жалғастыруы керек. Инфляция деңгейін төмендету үшін   барлық тиісті шараларды   қабылдау қажет.

Үкімет басшысы бөлінген қаражатты   уақытылы игеру мәселесіне тоқтала отырып,   бюджеттік бағдарламалар әкімшілері   қаржылық тәртіпті күшейтуі керектігін тағы бір еске салды.

Әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін   бюджеттік параметрлердің   қатаң сақталуын   және қаражаттың тиімді бөлінуін   қамтамасыз етіңіздер, - деп тапсырды Әлихан Смайылов Үкімет мүшелеріне.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға