Жаңалықтар

Экономика 4,7%-ке өсті – Қуантыров

Экономика 4,7%-ке өсті – Қуантыров
Фото: primeminister.kz 10.10.2023 10:33 520

Оның ішінде нақты сектор – 3,7%-ке, ал қызмет көрсету саласы 5,1%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1%-ті құрады. 

Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 59,4%-ке, саудада – 37,5%-ке, білім беруде – 23,7%-ке, ауыл шаруашылығында – 12,9%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,2%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 4,3%-ке өсті, - деді ол.

Министр берген ақпаратқа сәйкес, өңірлер арасында ең жоғары өсім Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 4,2%-ке өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 39,8 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 11,4 млрд долларға тең, - деді Қуантыров.

Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2%-ке өсті.

Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсуді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстары көрсетті. 

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27,3%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8%-ке және электр жабдықтарын жасаудың 30,6%-ке өсуі қамтамасыз етілді, - деді министр.

Сондай-ақ өсу мына салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,3%, химия өнеркәсібі – 1,5%, металл бұйымдары – 4,2%, сусындар өндірісі – 3,2%, пластмасса бұйымдары – 6,8%, жеңіл өнеркәсібі – 14,6%.

Министр берген ақпаратқа сәйкес, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,4%-ке жоғарлады. 

Бұл ретте мұнай өндіру – 8,4%-ке, газ өндіру – 6,1%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 13,9%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 1,2%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 1,7%-ке, көмір өндіру 5,7%-ке төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ке ұлғайды, - деді Әлібек Қуантыров.

19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Биыл қаңтар-қыркүйекте 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ке жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 9,9%-ке төмендеді. Көрсеткіштің күрт төмендеуі ауа райының қолайсыздығына байланысты дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан болды. 

Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды, - деді ол.

Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында мынадай шаралар ұсынылады:

  1. Егінді жинау, тасымалдау және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуде жедел көмек көрсету;
  2. Отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету, оның ішінде отандық кәсіпорындардың көлік-логистикалық инфрақұрылымға қол жеткізуі есебінен;
  3. Биыл белгіленген инвестициялық жобаларды тиісті мерзімдерде аяқтау және оларды алдағы кезеңдерге өзектендіру;
  4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу және Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың тиімділігін бақылау;
  5. Жұмыспен қамтуды қолдау мемлекеттік шараларының тиімді іске асырылуын бақылау, тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға