Жаңалықтар

Экологиялық қауіпсіздік шектеуін сақтамаған кәсіпорындарға 5,8 млрд теңге айыппұл салынды

Экологиялық қауіпсіздік шектеуін сақтамаған кәсіпорындарға 5,8 млрд теңге айыппұл салынды
Фото: Pixabay.com 13.04.2023 12:30 1600

Бұл туралы «Қазақстандағы экологиялық ахуал туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Ақзан Ширанов, Қалдықтарды басқару мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошурбаев қатысты. 

«Ең алдымен экологиялық жағдайды жақсарту шараларына тоқталайын. 2022 жылы республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 4,2 млн тонна болды. Бұл 2021 жылдағыдан 200 мың тоннаға аз. Министрлік 2023 жылға арналған шығарындыларды азайтуды міндеттеуге қол жеткізді. Мысалы, «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясының шығарындылар лимиті 39 мың тоннаға азайды. CNPC Ақтөбе мұнай-газ қоғамының шығарындылар лимиті 5 мың тоннаға, «Тенгизшевройл» ЖШС шығарындылары 1000 тоннаға азайды. Экологиялық жағдайды жақсарту үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын өз қаражаттары есебінен қорғау іс-шараларын әзірлейді», – деді Айдар Абдуалиев.

Комитет төрағасы сондай-ақ аумақтық департаменттер шаруашылық жүргізушілерге экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 1627 тексеру жүргізгенін айтты. Осы тексеру кезінде 5,8 млрд теңгеге айыппұл салынды. Мемлекет кірісіне 4,4 млрд теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ бір жыл ішінде компаниялар екінші рет құқық бұзса, кәсіпорын жұмысы тоқтайды. Абдуалиев мұндай ереже бұзғандар бар екенін айтты.

«Сот тәртібімен Атырау мұнай зауытының экологиялық рұқсатты қолдану мерзімі бір айға тоқтатылды. Алайда екінші сатыдағы сот кәсіпорынның аса қажет екеніне байланысты бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойды», – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға