Жаңалықтар

Экологиялық мәдениет туралы қазақша мультфильмдердің тұсаукесері өтті

Экологиялық мәдениет туралы қазақша мультфильмдердің тұсаукесері өтті
Фото: El.kz 30.03.2023 15:35 1855

Еліміздің ең ірі кен-металлургиялық компанияларының бірі «Казцинк» Қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірлесіп, экологиялық мәдениет туралы қазақша мультфильмдер топтамасын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кішкентай көрермендерге арналған қысқа анимациялық бейнешығарылым саны – жетеу. Сериалдың басты кейіпкері қарапайым бала ғаламшарымызға, өсімдіктерге және тірі ағзаларға қамқорлық жасауды үйренеді. Ғаламшардың ластану себептері, өмір сүруге қажетті ресурстардың азаюы және қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың қарапайым қағидалары туралы балаларға қызық мультфильмдер ретінде көрсетіледі.

Анимациялық роликтер жинағын «Казцинктің» қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұжымы жасап шығарды. Ол балалар мен олардың ата-аналарынан бастап, мектепалды мекемелердің педагогтарына дейінгі кең аудиторияға арналған.

Экологиялық проблемалардың маңызы күн сайын артып келеді. Оны балаларға түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару қажет. Сол себепті біз анимациялық роликтер форматын таңдадық. Мұндай ақпаратты балалар оңай қабылдайды және бұл оларға табиғатты сақтау мен оған қамқорлық танытудың маңызын түсіндіруге көмектеседі. Біз «Казцинк» компаниясының осындай жобаларға қолдау көрсетіп жүргеніне қуаныштымыз, - дейді Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Нұрбек Матжани.

«Казцинк» бұрыннан бері балаларға экологиялық білім беруге арналған түрлі жобаларды қолдап келе жатыр.

Біз қоршаған ортаға барынша қамқорлық жасауға тырысамыз. Кішкентай балалардың санасында қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың негізгі қағидаттарын қалыптастыру қажет. Екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында біз серіктестерімізбен бірге балаларға арналған YouTube желісінде қолжетімді, экологиялық тақырыптағы танымдық бейнероликтер топтамасын ұсынған едік. Қоғамдық даму институты өзінің басты мақсаты – жауапкершілігі мол азаматтарды тәрбиелеуге қол жеткізетініне сенімдімін, - деді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазеров.

Мультсериалдар Ruh.kz порталының әлеуметтік желілерінде, бірқатар сайттарда және порталдың YouTube арнасында жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға