Жаңалықтар

Экологиялық төлемдер аймақтың экологиясын жақсартуға бағытталады

Өскеменде 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту көзделген
Экологиялық төлемдер аймақтың экологиясын жақсартуға бағытталады
Фото: gov.kz 27.08.2022 14:41 1391

Экология министрі Серікқали Брекешев Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды El.kz министрлікке сілтеме жасап.

Экология министрі облыс тұрғындарының назарын «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруға аударды, ондағы 10 ірі қалада, оның ішінде Өскеменде 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту көзделген.

Шығыс Қазақстан облысының экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасында 35 іс-шара қарастырылған. 2021 жылы атмосфералық ауа сапасын бақылайтын 9 жаңа автоматты станция орнатылды (8 станция – Өскемен қ., 1 - Шемонаиха қ.), онда 6 негізгі ластаушы көрсеткіштер бойынша мониторинг жүргізіледі.

Министр қалдықтар мәселелеріне тоқталды. ШҚО-да бөлек жинау 3 елді мекенде ғана енгізілді, 4 елді мекенде сұрыптау енгізілді және қалдықтарды басқару бойынша 26 кәсіпорын жұмыс істейді, барлығы ел бойынша - 379.

«Рұқсат етілмеген қоқыс орындарының саны алаңдаушылық тудыруда, космомониторинг аясында 224 қоқыс орны анықталды, олардың 43% кәдеге жаратылды. Полигондардың пайда болу себептерінің бірі – заңдастырылған ҚТҚ полигондарының болмауы. Қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастырудың 165 объектісінің тек 22-сі немесе 13%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Екі ауданда, Катонқарағай мен Куршим аудандарында бірде-бір заңдастырылған ҚТҚ полигоны жоқ», - деп атап өтті С.Брекешев.

Экология министрі өз сөзінде облыс әкімдігіне ҚТҚ полигондарының жағдайын жақсарту, оларды тиісінше жайластыру, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу мен бекіту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.

Министрлік кәсіпорындарға лицензия беру, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың тізілімін құру және қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлды (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке) ұлғайту арқылы стихиялық қоқыс орындарын құру мәселесін шешу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдағанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Экология министрі облыстағы қанағаттанарлықсыз жағдайдағы кәріз-тазарту құрылыстары мәселесін көтерді. Ертіс трансшекаралық өзенінде ластаушы заттардың асып кетуі жүйелі түрде анықталады. Жөндеу жұмыстарын жүргізу және қайта жаңарту талап етіледі. «Сондықтан, әкімдікке экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарау орынды деп санаймыз», - деп ұсынды С.Брекешев.

Облыстағы геологиялық саланы дамыту мәселелерін қозғай отырып, ведомство басшысы қорлардың толықтырылуының төмендігін атап өтті, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында 67,8 мың км2 алаңда жер қойнауын геологиялық зерттеуге назар аударды. Бұл геологиялық барлау жұмыстарының келесі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағының, оның ішінде ШҚО аумағының перспективаларын бағалауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Министр су және орман шаруашылықтарының жұмысы туралы баяндап, балық шаруашылығын дамыту мәселелерін қозғады. 2022 жылы өңірде 1297 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланған, ағымдағы жылдың 6 айында оның 726 тоннасы өсірілді. 2023 жылдың соңына дейін Өскемен және Бұқтырма су қоймаларында құнды балық өсіретін екі торлы балық өсіру шаруашылығы құрылады, олардың жалпы қуаты 1,5 мың тонна. «Облыс әкімдігінен жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алып, қажетті көмек көрсетуді сұраймын», - деді С.Брекешев.

Баяндамасының соңында Экология министрі С.Брекешев жиналғандарға: «Құрметті кездесуге қатысушылар, Сіздермен кездесуімді пайдалана отырып, мынаны айтқым келеді. Сіздердің өңірлеріңіз табиғи байлықтарымен әйгілі, бұл Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл көлі және басқа да жерлер. Сіздерге көптеген туристер келеді. Біздің бірегей табиғи байлықтарымызға ұқыпты қарауға, қоқыс тастамауға, рұқсат етілмеген жерлерде от жақпауға шақырамын. Болашақ ұрпақ үшін табиғи сұлулықты құрметтеу және сақтау керек», - деді.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында министр бірқатар өндірістік нысандарды аралап, азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға