Жаңалықтар

Екінші дүниежүзілік соғыста көп батырымыздың аты аталмай қалды – тарихшы

Екінші дүниежүзілік соғыста көп батырымыздың аты аталмай қалды – тарихшы
Фото: Жамбыл Артықбаев 09.05.2023 14:10 1446

9 мамыр – Жеңіс күні. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бейбітшілік үшін күрескен батырларымызды еске алатын күн. Ел алдында борышын өтеп, ерлік танытқан жауынгерлеріміздің батылдығы ешқашанда ұмытылмайды. Осы орайда El.kz тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевпен сұхбаттасқан еді.

El.kz: Жамбыл аға, екінші дүниежүзілік соғысының аяқталғанына 80 жылға жуықтады. Бірақ советтер одағының құрамында болған бірнеше елде әлі де жеңіс күні тойланады. Осыған көзқарасыңыз қандай? Бұл күнді ұлықтаған дұрыс па? Әлде тек соғыста қаза тапқандардың аруғына құран бағыштап, еске алумен шектелу керек пе?

Жамбыл Артықбаев: Жеңіс күнін Кеңес одағы мүшесінде болған елдер тойлайды. Қалғандары бұл күнді аса бір жеңіс күні деп есептемейді. Сондықтан соғыс кезінде қаза тапқандарға құран бағыштап, оларды еске алу қажет. Бүкіл әлем 8 мамырда екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын атап өтеді. Жеңіс күні мерекесі емес, еске алу рәсімі өткізіледі. Біз де адамзат баласының ішіндегі ең бір озық мемлекеттердің дәстүріне бағынғанымыз жөн ғой.

El.kz: Бұл соғыста өте көп адам шығыны болды. Арасында ерлігі ескерусіз қалған батырлар да бар. Сондай адамдарды айта аласыз ба? Тарихшы ретінде зерттеу жүргізіп көрдіңіз бе?

Жамбыл Артықбаев: Соғысқа қатысып, майдан шеберлері болған азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың бәрі де батыр. Олардың ішінде атақ, орден алғандары аз емес шығар, дегенмен ескерусіз қалғандары көп. Соғыстың өзі бір шаруа сияқты ғой. Командир кейде жоғарыға хат жазып, наградаға ұсынып жатады. Кейде ұсынуға мүмкіндігі болмай, соғыста қаза табады. Сондықтан оларды біреуі марапатқа ие болды, екіншісі ескерілмей қалды деп бөлудің қажеті жоқ.

El.kz: Сол батырлардың арасында сіздің де ерлік жасаған аталарыңыз болған шығар... 

Жамбыл Артықбаев: Әкем 1937 жылы соғыстың алдында халық жауы болып ұсталды. Соғыс кезінде тірі қалғандарын лагерьлерден жинап, Жолымбет руднигіне қайтадан алып келген. 1947 жылы оларды қайтадан соттады. Сондықтан тікелей өзімнің әкем соғысқа қатысқан жоқ. Ал шешемнің үш бірдей ағасы соғысып, екеуі соғыста жүріп қайтыс болған. Біреуі Ленинградта әскери қызметте жүрді, екіншісі Батыс майданда өмірден өтті. Ал Сейсембек ағам соғыста кеудесіне оқ тиіп, жараланып қайтып келді. Ол елдің, мемлекеттің тарапынан аса қатты бір қамқорлық көрді деп айта алмаймын. Әрі қарайғы өмірін шопырлықпен өткізіп, ерте кетті. Сондай бір биязы, жақсы адам еді. Нағашыларым еш уақытта ерлік жасадық деп мақтанбаған. Олардың есімдерінің қаншалықты құжаттарға, кітаптарға іліккенін біле қоймаймын. Бірақ соғысқа қатысып, әртүрлі жағдайда қайтыс болған, аты аталмай кеткен қазақтар көп қой деп ойлаймын.

El.kz: Ерлігі мойындалмай жүрген батырлардың бірі Рақымжан Қошқарбаев еді.  Бірақ соңғы жылдары Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ресми түрде мойындады. Бірақ неге тым кеш мойындап отыр деген сұрақ туындайды.

Жамбыл Артықбаев: Қазақ журналистикасында бұл тақырып жиі көтерілді. Бізге енді Ресейдің мойындағынының қаншалықты қажеті бар? Мен оны түсіне қоймаймын. Ең бастысы батырларымызды өзіміз қадірлеп, құрмет көрсетуіміз керек. Рақымжан Қошқарбаев ағамыз 1988 жылға дейін ортамызда жүрді ғой. Қазіргі таңда оның атына көше беріліп, ескерткіш салынған. Биыл Щучинск қаласында да бір көшені Рақымжан Қошқарбаевтың атына бердік. Осындай жұмыстар көбірек істелуі керек деп ойлаймын.

Ал енді неге тым кеш мойындалып отыр деген мәселе, ол үлкен сұрақ. Кез келген соғыста империя құрушы ұлтпенен империяға амал жоқтан кіргендердің арасында мәселе болады. Өйткені қарап отырсаңыздар, Ресей мен Украина арасындағы соғыста ұлт мәселесі туындап отыр. Ресейде соғысқа көбіне алғы шепке шағын ұлттардың өкілін жіберіп жатыр. Біздің мына Астрахан жақтың қазақтары да көп қырылуда. Мәселен, Астрахан облысы тұрғындарының 75 пайызы орыс халқының өкілдері бола тұра, қырылып жатқандарының 75 пайызы қазақтар. Ал бұл жерде тұратын қазақтар 15 пайыз ғана. Осылайша олар өздерінің ұлтының санын сақтап қалуға тырысады. Міне, осындай ұлттық төмендету болады. Сол себептен Кеңес одағында да орыс ұлтына деген марапатқа басымдық берілген. Сталиннің өзі Жеңіс күніне арналған тостты «ұлы орыс әскері үшін» деп көтерген, ал қазақ әскерлерін ешкім де атаған жоқ.

Рақымжан Қошқарбаев Кеңес одағы батырына ұсынылса да, оған бұл атақ берілмеді. Батыр деп орыс ұлтының атынан Егоров, грузин ұлтынан Кантария таңдап алынды. Соғыста да есеп пен жағымпаздық бар. Туды тігуші орыс, жанында грузин жүруі керек деген ереже болған. Сондықтан біздің көптеген батырларымыздың аты аталмай қалды.

El.kz: Қазір елімізде соғыс ардагерінің 237-сі ғана қалған екен. Оларға қандай құрмет көрсетілу керек деп ойлайсыз?

Жамбыл Артықбаев: Жалпы соғыс ардагерлерінің көбісі қазір ортамызда емес. Нағыз алғы шепте болғандардың ешкім де қалмады. Екінші дүниежүзіндегі алғы шепке түскендердің өмірі орташа есеппен 16 күн болған. Одан аман қалғандары жоқ. Менің әкемнің інілерінің бәрі соғысқа қатысқан. Төкен Артықбаев деген ағамды 18-ге толмаған кезінен соғысқа алып кеткен. Днепр шайқасы кезінде жаралынып келіп, 60-тан аспай қайтыс болды. Соғысқа қатысқандардың барлығы бейнетті көп көрген адамдар. Сондықтан аз ғана қалған ардагерлерге лайықты дәрежеде көмек көрсетілуі тиіс.

El.kz: Соңғы жылдары Жеңіс күніне орай әскери парад өткізілмей жүр. Оған қатысты екіжақты пікір айтылып жатады. Сіздің ойыңызша, сол әскери парадтың бізге қажеті бар ма?

Жамбыл Артықбаев: Жеңіс күніне орай әскери парад емес, соғыста қайтыс болғандарды еске түсіру, аза тұту күні өткізілуі керек. Оны өткізудің өзінің салтанаты болуы қажет. Екінші дүниежүзілік соғысына арналған ескерткіштерге барып, тағзым ету, гүл қою, ас беру сияқты рәсімдерді жүргізген жөн. Әскери техникалық музейлерге барып, іс-шараға қатысу керек деп ойлаймын. Ал енді мына әскери парадты Қазақстан әскерінің құрылған күнінде өткізген дұрыс. Жеңіс күні мен әскери парад екеуін біріктірудің қажеті жоқ.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға