Жаңалықтар

Екібастұзға Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері мен құралдары жіберілді

ТЖМ-нің күштері мен құралдары Екібастұз жылу желілерінің авариялық учаскелері бойынша бөлінді
Екібастұзға Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері мен құралдары жіберілді
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 02.12.2022 20:49 1163

Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Екібастұз қаласына қосымша күштер мен құралдар жіберді, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

«Оған Астана қаласы, Ақмола, Жамбыл және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқарушылары және 52859 әскери бөлімінің жеке құрамы енді. Бағытталған күштер мен құралдар жылыту құралдарымен (жылу пушкалары), электр қуатының дербес көздерімен, жарықтандыру аспаптарымен және байланыс құралдарымен жасақталған», - делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қазір ТЖМ-нің күштері мен құралдары Екібастұз жылу желілерінің авариялық учаскелері бойынша бөлінді. Коммуналдық қызметтермен бірлесіп жылумен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер мен мүделлі ұйымдардың жылыту пунктері орнатылды.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрлігінің Павлодар облысындағы бөлімшелері апаттың алғашқы күндерінен коммуналдық қызметтерге көмекке жұмылдырылды.

Ауруханаларда жатқан балалар мен пациенттерді Екібастұз қаласынан Павлодар қаласына эвакуациялауға көмек көрсетілді. Жертөлелерді жылыту мақсатында бензин генераторлары орнатылып, жылу пушкаларының жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, су басқан орындардан су сорып шығару үшін сорғылар қолданылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға