Жаңалықтар

Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынды

Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынды
Фото: facebook.com/pavlodarenergo 08.12.2022 18:53 730

Павлодар облысының Екібастұз қаласында 28 қаршада енгізілген төтенше жағдай режимі алынды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Екібастұз әкімдігінің хабарлауынша, 2022 жылғы 8 желтоқсанда Екібастұз қаласының әкімі жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы ТЖ режимінің күшін жою туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін ТЖ режимі Екібастұз қаласы әкімінің ағымдағы жылғы 28 қарашадағы №3 шешімі негізінде енгізілген болатын.

ТЖ жою үшін жергілікті атқарушы органның әкімшілік ресурсы ғана емес, азаматтар, кәсіпкерлік субъектілері, кәсіпорындар мен еріктілер де тартылды.

Барлық көппәтерлі тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, көппәтерлі және жеке жер үйлерде гидравликалық режимді қалпына келтіру бойынша реттеу жұмыстары жалғасатын болады. Сәтбаев, 8 және Мәшһүр Жүсіп 52 көшелеріндегі үйлердің 7 корпусында су мен кәрізді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жеке сектордың жылумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Орталық жылумен жабдықтауға қосылмаған тағы 40 жер үй бар.

8 бригаданың күшімен қаланың жылу трассаларындағы ұсақ ақаулар мен зақымдарды жою жұмыстары атқарылуда.

Магистральдық және орамішілік желілердегі температуралық параметрлерді теңестіру және реттеу жұмыстары жалғасуда.

Тұрғындар жылумен жабдықтау мәселелерімен «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС апаттық қызметіне тәулік бойы жүгіне алады.

Үй-жайларда қажетті температуралық режим белгіленгеннен кейін мектептер мен балабақшалардың жұмысын штаттық режимде қайта бастау жоспарлануда.

ТЖ-дан залал алған азаматтардың өтініштерін қабылдау жалғасуда. Өтініштер тіркелгеннен кейін одан әрі өтеу үшін залалды айқындай отырып, тұрғын үйді комиссиялық тексеру жүргізіледі.

ТЖ аймағында зардап шеккен азаматтардың залалын өтеу «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС есебінен жүргізіледі.

Жылусыз қалған үйлер қараша және желтоқсан айларына жылумен жабдықтау қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады, қалған жағдайларда – қайта есептеу жүргізіледі.

ТЖ режимі кезінде тұтынылған электр энергиясының қызметтерін қайта есептеу мәселелері қарастырылуда. Шешім қабылданған соң, қорытындысы бойынша ақпарат қосымша жеткізілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға