Жаңалықтар

Екібастұзда полицияға жалған ақпарат таратқан тұрғын сотталып кетті

Екібастұзда полицияға жалған ақпарат таратқан тұрғын сотталып кетті
Фото: El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 29.09.2023 11:12 730

Екібастұз қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, бомба қойылды деп жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол бірінші қылмысын 2019 жылғы мамырда жасаған, яғни терроризм актісі туралы жалған мәлімет берген. Осылайша, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Алайда екібастұздық пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған. Сондықтан сот бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстырған: 1 жыл 26 күн. Сотталған тұрғын өтелмеген мерзімін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеді. Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам тағы да осындай қылмыс жасаған.

2022 жылғы желтоқсанда полицияға қоңырау шалып, ол «Әкімдік ғимаратында бомба бар» деп хабарлаған.

Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажет іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде «жалған террорист» ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты, – деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаменті.

«Телефон террорисінің» ісі қалалық сотта қаралып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден асатын сомада материалдық залалды және сот шығындарын төлеуге тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға