Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов октагонға 2027 жылы Қазақстанда өтуі мүмкін турнирде қайта оралуы ықтимал. Бұл туралы аралас жекпе-жек өнерінің сарапшысы Асланбек Бадаев мәлімдеді.
Аралас жекпе-жек саласындағы танымал сарапшы Асланбек Бадаев жеңіліс көрмеген қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың (19-0) ұзақ уақыт бойы жекпе-жек өткізбей жүргеніне қатысты пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, Рахмоновтың октагоннан ұзақ уақытқа шет қалуына денсаулығындағы мәселелер, соның ішінде бірнеше рет алған тізе жарақаты себеп болған. Дегенмен қазақстандық файтер жаттығуын тоқтатпай, спорттық бабын сақтап келеді.
«2027 жылы Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін. Дана Уайт олардың біз ойлағаннан да ертерек оралатынын айтқан болатын. Бәлкім, Шавкат дәл осы турнирге дайындалып жүрген шығар. Еліміздің басты жұлдызы сол кеште өнер көрсетуі мүмкін. Немесе ол әлі де жарақатынан толық айығып жатқан болар», – деді Бадаев өзінің Telegram арнасында.
Сарапшы ұзақ үзіліске қарамастан, қазақстандық спортшыға деген қызығушылықтың төмендемегенін атап өтті. Оның пікірінше, Рахмоновқа қайта оралғаннан кейін бір жеңіске жетудің өзі UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі жоғары орындар үшін күреске қайта қосылуына жеткілікті.
Сонымен қатар Бадаев Шавкаттың жарақатынан айыққаннан кейінгі алғашқы қарсыласы кім болуы мүмкін екенін де айтты.
«Менің ойымша, Джек Делла Маддалена – Шавкаттың қайта оралуы үшін таптырмас қарсылас. Қазір оның нәтижелері төмендеп келеді. Сондықтан Рахмонов оны жеңе алады деп ойлаймын», – деді сарапшы.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың 7 желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізді. Ол кезде қазақстандық файтер Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.
Содан бері Рахмонов тізесіндегі жарақатына байланысты октагонға шыққан жоқ.
Әзірге Шавкат Рахмоновтың 2027 жылы Қазақстанда өтуі мүмкін UFC турниріне қатысуы тек сарапшының болжамы болып отыр. Қазақстандық спортшының октагонға оралатын нақты күні ресми түрде жарияланған жоқ.