Жаңалықтар

Екі облыстағы 397,3 мың гектар алқап шегірткеге қарсы өңделді

14.05.2025 20:41 392
Екі облыстағы 397,3 мың гектар алқап шегірткеге қарсы өңделді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2025 жылы шоғырланып тіршілік ететін шегіртке зиянкестері 2,1 млн гектар аумаққа таралады деп болжануда. Бұл 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зиянкестерді анықтау үшін жүргізілетін тексерулерге 4600-ден астам маман қатысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

АШМ мәліметінше, әрбір өңірде әкімдіктер жанынан арнайы штабтар құрылып, оларды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқарып отыр. Бұл анықталған ошақтарға жедел және үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Өңдеу тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылы бүрку техникасының өнімділік нормативтері қайта қаралып, нәтижесінде техниканың көбірек саны тартылды. Жалпы, химиялық өңдеулерге 443 бірлік арнайы техника тартылады, оның ішінде жерүсті бүріккіштер, аэрозоль генераторлары, өте жеңіл ұшатын аппараттар, ұшақтар және дрондар бар. 2024 жылы бюджет қаражатын үнемдеу есебінен қосымша 53 дрон (оның 46-сы өңдеуге, 7-еуі мониторингке), сондай-ақ инспекторлар үшін 68 автокөлік сатып алынды, - делінген мәліметте.

«Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, FitoSpace автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жалғасуда. Сонымен қатар дрондар мен жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын геоақпараттық мониторинг жүйесі әзірленіп жатыр.

Екіжақты келісімдер аясында Қазақстан Өзбекстан, Ресей, Қытай және Қырғызстанмен белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Ақпарат алмасу, шекара маңы аумақтарын бірлесіп тексеру және зиянкестердің көшуін болдырмауға бағытталған іс-қимылдарды үйлестіру жүзеге асырылуда.

Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығының деректеріне сәйкес, бүгінде 1 485,7 мың гектар алқап тексерілді, оның 400,9 мың гектарына өңдеу жүргізілуі тиіс. Қазіргі таңда 397,3 мың гектар алқап өңделді, оның ішінде Жамбыл облысында – 29,4 мың га, Түркістан облысында – 367,3 мың га.

Шегірткемен күрес шаралары Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға