Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Соңғы аптада ЖРВИ жағдайларының саны 6,8%-ға азайған. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері сырқаттанушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға төмен.
Тұмау жұқтыру деңгейі төмендеді
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, соңғы аптада елімізде ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелген. Эпидемиялық маусым басталғалы бері жалпы 1 453 967 жағдай анықталған. Республикадағы эпидемиологиялық жағдай күзгі кезеңге тән маусымдық деңгейге сәйкес келеді. Мамандар респираторлық вирустардың таралуы мен сырқаттанушылық деңгейіне апта сайын мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
1 қыркүйектен бастап зертханалық жолмен тұмаудың 297 жағдайы расталды. Оның 295-і – A(H1N1) вирусы, ал 2 жағдай – B типті тұмау. Басқа респираторлық вирустар арасында риновирустар, бокавирустар және аденовирустар басым анықталуда, – делінген министрліктің хабарламасында.
Қазақстанда тұмауға қарсы 2 миллионнан астам адам вакцинациялаудан өтті. 2 065 649 адам вакцина алған, бұл жоспарланған қамтудың 93,9%-ын құрайды. Вакцина еліміздің барлық өңірінде қолжетімді.
Республикада инфекциялық аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін 13 335 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың 63%-ы, оның ішінде балаларға арналған төсек-орындардың 69,4%-ы қамтылған.
Үнемі қол жуыңыз
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды және медициналық ұйымдардың маусымдық жүгінудің өсуіне дайындығын бақылауды жалғастырып жатыр. Дәрігерлер қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді.
Қолды үнемі жуу, үй-жайларды желдету, науқас адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу. ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болған кезде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады, – делінген министрлік хабарламасында.
Тұмауға қарсы вакцина түрлері:
- «Гриппол+ 4-валентті»
- «Гриппол+ 3-валентті»
Екпені тұрғылықты жер бойынша емханадан салдыруға болады.