Жаңалықтар

Екі аяғынан айырылған Айсұлудың жанкешті тағдыры

Екі аяғынан айырылған Айсұлудың жанкешті тағдыры
Фото: instagram.com/ais_01kz 14.07.2023 13:13 8275

10 жылдан астам уақыт бұрын екі аяғынан айырылған Айсұлу Сүлейменова қазір Қазақстанның Паралимпиада құрамасында жаттығады. Ол басынан өткен күрделі кезең мен арман-мақсаты жайлы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.

Айсұлу Сүлейменова Қарағанды облысының Ботақара ауылында дүниеге келген.

Бесінші сыныпта оқып жүргенде біз Сәтбаев қаласына көшіп кеттік. Сол қалада орта мектепті тәмамдадым. Жоғары білім бойынша оқу орнын Қарағандыда тәмамдадым. 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде екінші жоғары білімімді алдым. Осы жылы «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа тұрдым. Қазір осы кәсіпорында IT саласындағы жұмысымды жалғастырып жатырмын. Осы жылдар  ішінде көп тәжірибе жинадым. Кәсіби маман ретінде қалыптастым, - дейді Айсұлу.

Оның айтуынша, бұл компанияда жұмыс істеу көптеген мүмкіндік сыйлап, адам, тұлға ретінде өсірген. Айсұлу өзінің басынан өткен күрделі жағдай туралы да айтып берді.

2011 жылы мен 3-курс студенті едім. Оқу маусымы енді басталған кезде үлкен жол апатына ұшырап, оның салдарынан екі аяғымнан айырылдым. Өмірімдегі өте қиын әрі күрделі кезеңдер болған еді. Бұл қиындықтан мойымай, сынбай өтуге менің айналамдағы жақындарымның қолдауы себеп болды деп ойлаймын. Қасымнан анам мүлдем шықпады, жақын достарым, туыстарым қолдау көрсетті. Осы адамдардың шексіз қолдауы жаныма демеу беріп, бұл қиындықтан сүрінбей өттім. Бұл оқиғаны факт ретінде қабылдап, депрессияға түспедім. Бұл жағдайдан қашып кете алмайтынымды да түсіндім. Сондықтан жаңа мүмкіндіктегі өзімді қабылдадым. Өмір әрі қарай жалғасатынына сендім. Әрине, ол бұрынғыдай тез өтпейтінін де білдім. Баппен, бірақ өмірім жалғаса берді, - деп бөлісті Айсұлу.

Екі аяғынан айырылған Айсұлудың жанкешті тағдыры
instagram.com/ais_01kz

Ол осы жолда анасының қолдауы қатты көмектескенін ерекше атап өтті.

Менің барлық мықты қасиеттерім анамнан дарыған деп ойлаймын. Осы жағдай болғанда анам әлсіздік танытпады.Маған үнемі «бәрі жақсы болады» деп қайталайтын. Сол кезеңдері де, қазір де менің жанымнан табылады. Осы қиын-қыстау кезеңде бір рет те өзінің көз жасын маған көрсетпеді. Тек маған күрделі ота жасалып, аман қалғанымды естігенде бір рет көзіне жас алды. Әрине, менің қасымда осындай мықты тұлғаның бары маған үлкен күш сыйлайды, - дейді Сүлейменова.

Ол атағандай, екі аяғы болмаса да, оқуын жалғастырып, оны тәмамдаған.

2021 жылы мен протезге үйреніп, жүре бастадым. Одан кейін тұрмысқа шығып, 2013 жылы ұлды болдым. Қазір менің кішкентай қолдаушым, тірегім ұлым бар, - дейді ол.

Айсұлу атағандай, Астанаға көшіп келген жылдары Паралимпиада орталығы оны жаттығуға шақырады.

Орталықтан «Сенің мүмкіндігің бар» деп қайта-қайта шақырды. Бірақ мен оны үнемі артқа тастап, бір жылдан кейін ғана бардым. Осылайша, паралимпиадашылар қатарына қосылдым. Орталыққа неге бір жыл бұрын бастамағаныма өкіндім. Орталықта маған барлығын көрсетіп, түсіндірді. Кейін ол менің ажырамас бөлігім сияқты азартқа айналды. Волейболмен айналысқаныма 5 жыл бұрын келдім. Бірақ Қазақстан құрамасының қатарына қосылу мен үшін арман еді. Себебі мен өзім үшін, тәнімді саулықта сақтау үшін, денсаулығымды тонуста ұстау үшін баратынмын. Биыл Қазақстан паралимпиадашыларының құрамына кірдім. Әрине, менің қуанышымда шек болмады. Тынбай еңбектің арқасында осындай мүмкіндікке ие болдым, - деді ол.

Оның айтуынша, адам үнемі позитивті болып жүре алмайды.

Барлық дүниеге тек позитивпен қарау керек деп айта алмаймын. Барлығымыз адамбыз. Сондықтан көңіл-күйдің құбылып тұруы заңды. Бірақ маған тоқтауға мұрша бермейтіні менің арман-мақсаттарым. Ұлым өсіп келеді. Жанымда әке-шешем бар. Сондықтан мен қол қусырып отыра алмаймын. Шабытты өзімнің сүйікті істеріммен айналысуым береді деп ойлаймын. Мен өз ісімді жақсы көремін. Бар болмысымды ешбір боямасыз көрсетуге тырысамын. Өзімнің айналам мен жұмысымды жақсы көремін, - деді Айсұлу.

Қазір Айсұлудың бос уақыты үнемі бола бермейді. Алайда ол бос уақытында кино көріп, демалатынын жеткізді.

Барлығына кеңес айта аламын демеймін. Бірақ қазір барлығы өз қолымызда. Интернетте барлық қажет дүние бар. Ең бастысы ниет болу керек. Ал даму үшін барлық тетік бар, - дейді ол.

Айсұлу алға қойған мақсатын да айтты.

Биыл паралимпиадалық Азиада ойындары өтеді. Алдағы мақсатыма келер болсам, паралипиада чемпионы болғым келеді. Қолымнан келетін барлық күш-жігерімді осы мақсатыма бағыттап жатырмын, - деді ол.

Айсұлу Сүлейменова Instagram парақшасында күнделікті өмірі мен сезімі, жаттығулары жайлы жиі бөлісіп отырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға