Екі алтын жүлде: қос балуан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды

Екі алтын жүлде: қос балуан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды
Фото: ҰОК

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Сол бәсекеде грек-рим күресінің шеберлері Айбек Айтбеков пен Юсуп Ашрапов жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. 

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Әлем чемпионатында Юсуф Ашрапов алтын медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен 72 келіде сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде қырғызстандық Ырыскелді Хамзаевты 9:0, ал 1/8 финалда молдовалық Василе Забиканы 9:0 есебімен жеңді. Кейін ол ширек финалда әзірбайжандық Фарид Халиловтан 7:1 есебімен басым түсті. 

Жартылай финалда Юсуф түркиялық Ибрахим Өздемирмен жолыққан Юсуф таза жеңіске жетті.  Сөйтіп, финалда Армения өкілі Гаспар Тертерянды 4:3 есебімен ұтқан Юсуф Ашрапов Әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медальді салды.

фото: United World Wrestling
фото: United World Wrestling

U23 Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен тағы бір алтын жүлденің иесі – 60 келіде өнер көрсеткен Айбек Айтбеков. Айбек жарысты грузиялық Гиорги Кочалидзені 9:5 есебімен ұтудан бастады. Келесі айналымда ресейлік Алибек Амировты 9:0 есебімен жеңіп, ширек финалда жапониялық Сэйма Токухарадан 7:3 есебімен басым түсті.

Финалға жолдама үшін өткен тартысты белдесуде отандасымыз украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен ұтты.  Ал алтын медаль үшін бәсекеде Айбек Айтбеков әзірбайжандық Елмир Алиевпен жолықты. Қарсыласын 13:4 есебімен жеңген қазақстандық балуан Әлем чемпионы атанды.

Оқи отырыңыз