Жаңалықтар

Егін жинау науқанында дизель отыны арзандайды

Егін жинау науқанында дизель отыны арзандайды
Фото: © El.kz 11.08.2023 04:28 596

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында жаппай егін жинау науқанына дайындық пен жемшөп дайындау процесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім еткендей, бүгінгі таңда фермерлер 910,3 мың га астық жинады. Орташа өнімділігі 13,8 ц/га болған кезде 1,3 млн тонна астық бастырылды. Сондай-ақ 1,6 мың тонна майлы дақыл, 293,7 мың тонна картоп, 915,7 мың тонна көкөніс және 1,9 млн тонна бақша өнімі жиналды.

Егін жинау жұмыстары елдің 9 облысында жүргізілуде, негізгі астық егетін өңірлер жаппай егін жинауға тамыздың үшінші онкүндігінде кіріседі.

Жалпы алғанда, егістің 46,7% (9,5 млн га) жақсы жағдайда, 45% (9,2 млн га) қанағаттанарлық жағдайда, егістің 1% -дан азы (199 мың га) жойылды.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін шаруаларға 426 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігі бекіткен жанармайдың бастапқы құны МӨЗ-ден тоннасына 284 мың теңгені құрады. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға 269 теңге/литр болды. Алайда отырыс барысында Энергетика министрлігінің өкілдері бүгіннен бастап жеңілдікті дизель отынының бағасы белгіленген станцияға дейінгі көлік шығындарын ескере отырып, төмендетілетінін мәлімдеді.

Алдын ала есептеулер фермерлер үшін орташа баға литріне 258-262 теңгені құрайды, немесе бұл нарықтық бағадан 12% төмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға