Жаңалықтар

Еділ Аймағамбетов: Жетім балаларды қолдау ретінде жүз баланы ҰБТ-ға дайындаймыз

«Шаңырақ» қорының жетекшісі жетім балалардың жоғары білім алуына арналған «Ыбырай» жобасының дүниеге келуі және қалыптасуы туралы El.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Еділ Аймағамбетов: Жетім балаларды қолдау ретінде жүз баланы ҰБТ-ға дайындаймыз
17.09.2022 10:34 2806

Ақтөбе аймағында идеяластарымен бірге жетім балаларға арналған жобаны халықтың көмегімен жүзеге асырып жүрген «Шаңырақ» қоғамдық қоры бар. Олар жетім балалар мен мұқтаж отбасыларының балаларын грантпен оқуға түсуге дайындайды. 

Ол үшін мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім беру орталықтарында оқу ақысын төлеп, балаларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайды. Өткен 2021-2022 оқу жылдарында «Ыбырай» қоры арқылы қосымша оқу орталықтарында дайындалған 35 баланың 90 пайызы Нұр Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы мемлекеттік және аймақтық оқу орындарының гранттарын жеңіп алған. Бүгінде Қор 100 жетім баланың ұлттық емтиханға дайындығына қолдау көрсетуді өз міндетіне алып отыр.

Жетім балалар мемлекеттің қамқорлығында екендігі рас. Алайда, «Шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі Еділ Аймағамбетовтың айтуынша, жетімдер үйінің қабырғасынан шыққан түлектермен көптеген қосымша білім беру орталықтары жұмыс жасаудан бас тартқан. Бүгін «Шаңырақ» қорының жетекшісі жетім балалардың жоғары білім алуына арналған «Ыбырай» жобасының дүниеге келуі және қалыптасуы туралы El.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

«Шаңырақ» - еріктілердің қайырымдылық бастамасы

-      «Шаңырақ» қоры қайырымдылық істермен айналысатынын білеміз. Бұл бастаманың пайда болу, құрылу жолымен таныстырып өтерсіз, бәлкім?

-      Шаңырақ қоғамдық қорымыз 2018 жылы ашылды. Оған дейін біз бірнеше адам болып волонтерлік ұйым ретінде жұмыс жасағанбыз. Кейін ақылдаса келе, ресми түрде тіркелу туралы шешім қабылдадық. Өзіміз білетін, көріп жүрген аз ресурсты қажет ететін жұмыстардан бастадық. Ол сенбілік, тал отырғызу деген сияқты, кейін «Мектепке жол» акциясына қатыстық. Тал отырғызудың өзін жаңа форматта өткізсек дедік. Жаңадан ашылып жатқан мектептерге барып «сіздерде тал қалай отырғызылады?» деп сұрадық. Мұғалімдер балалардың қоңырау үзілісі кезінде 10 минутқа далаға шыққан уақытында тал отырғызуға қатысатынын айтты. Біз бірден мектеп басшылығына өз көмегімізді ұсындық, «бір күнді белгілеп, есік алдына музыка қосып, мерекелік шара ретінде өткізіңіздер, ал балаларға ыстық тамақ беру жағын біз ұйымдастырайық» дедік. Осылайша, тал отырғызуға мектеп оқушылары ғана емес, олардың әке-шешелері, ата-әжелері бірге қатыстырылды. Әрбір түп тал оқушының және біздің волонтеріміздің ағашы ретінде, бірлесіп отырғызылды. Кейін ол ағашты күтіп-баптап, суарып тұру сол оқушыға тапсырылып, жүктелді. Осылайша, оқушыны біріншіден, еңбекке және еңбекті бағалауға, сондай-ақ, өзінің ісіне жауапкершілік алуға баулысақ дедік. Бұл процесс сенесіздер ме, ата-аналар комитетіне ұнады, олар «неге осындай істі ары қарай жалғастырмасқа» деп, мұны ары қарай жалғап алып кетті. Біздің бастамамыздың мектеп ұжымы мен ата-аналар тарапынан, яғни қоғамнан қолдау тапқанына шын мәнінде қуанып қалдық.

Кейін «Мектепке жол» акциясына қатыстық. Сол уақытта яғни, 2018 жылы Ақтөбе қаласы бойынша 256 балаға мектеп сөмкес імен оқу құралдарын алып бердік. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, акция кезінде балаларды көмекпен қамтығандар ішінде көлемі жағынан «Қазхром» АҚ мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ болды, ал біз бала санын қамту бойынша оларды да басып озыппыз. Сонда біз әуелгіде таңқалдық, артымызда тіреп тұрған меценат компания жоқ. Бірақ, халық біріксе, алып күш екендігіне, сол халықты біріктіру арқылы, өзгелерге көмек қолымызды соза алатынымызды түсіндік.

Коронавирус пандемиясы кезінде де «Шаңырақ» қоғамдық қоры құр алақан қарап отырмады. ИВЛ аппаратын тараттық, облысқа 220 ИВЛ аппараты қажет болды, соның барлығын алып келдік, күндіз-түні кезекшілікте болып, аяғынан тік тұрған дәрігерлерге ыстық тамақ тасыдық. Бұл жұмыстарды жалғастырып әкетуші басқа да ұйымдар болды. Ақтөбедегі қоғамдық ұйымдар бірлесіп, осы бағытта күш жұмылдырды. Осылайша, біз назарымызды басқа мәселеге бұрсақ дедік. Себебі, жоғарыда айтқан процесс бізсіз де жүріп жатты. Тағы бір айта кетерлігі, мәселен, 2018 жылдың желтоқсанында біз тұрғындарға көмір таратып бастадық. Біз бастамашы болған мәселе басқа да ұйымдардың арасында актуалды болып, бұл іске білек сыбанушылардың қатары көбейді. Көтерілген бастаманың өзге ұйымдар тарапынан қолдау табуы қуанарлық, құптарлық жағдай.

    Жетім балаларға қатысты әділеттілікті орнатсақ дедік

-      Бүгінде жетім балаларды жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ға дайыныдауға атсалысып жүргендеріңізді білеміз.

-      Пилотты жоба ретінде, әлеуметтік тұрмысы төмен, қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларынан 4-5 баланы оқытуды қолға алдық. Бұл істі 2019 жылы қолға алған болатынбыз. Оның ар жағында өздеріңіз де білесіздер, пандемия басталып кетті. Бірақ біз бастаған ісімізді орта жолдан қалдырмаймыз, сондықтан 2021 жылы 35 баланы оқыттық. Нәтижесі жақсы болды, оларды ҰБТ-ға дайындадық. Олар 2021-2022 оқу жылында қосымша сабақтар алып, соның ішінде 20 бала мемлекеттік оқу грантын ұтып алды, қалғандары әкімнің грантын, оқу орындарының грантын алды. 4 бала ғана грант ала алмады, себебі, олар таңдаған мамандықтар бойынша шын мәнінде гранттар аз бөлінетін. Ол балалар оқу бағасы арзандау оқу орындарын таңдады. Біз оларға жатақханаға орналасуға көмек көрсеттік, яғни Алматы, Нұр Сұлтан қалаларына түскен балалардың жатақхана ақшасын төлеп бердік. Біздің тәжірибемізде, бұл жобаға келген балалардың ҰБТ-дан алып жүрген бағалары 0-50 ұпай аралығында болған еді, оқу жылы аяқталғаннан кейін олардың үлгерім деңгейі көтеріліп, 50-109 балл аралығында болды. Бастысы, балалардың ықыласы бар, оларға тек қолдау мен көмек қана керек. Олардың қол жеткізген нәтижелері осыны дәлелдеді. Біз жоба аясында қамқоршылыққа алған оқушыларымыздың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарына түскенін көргенімізде, олардың бізге келгендегі нәтижесі мен дәл қазіргі уақыттағы жетістігін көріп, шын мәнінде таң қалдық және қуандық.

Еділ Аймағамбетов: Жетім балаларды қолдау ретінде жүз баланы ҰБТ-ға дайындаймыз

-      Сіздер алғашқы уақытта жетім балалармен қатар әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларымен де жұмыс жасадыңыздар ғой, солай ма?

-      Иә, ол рас. Алайда, біздің байқағанымыз, бұл қоғам үшін өте қажет жоба. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, мұқтаж отбасы балаларына қарағанда, жетім балалар анағұрлым тұйықтау, сабақ үлгерімдері де нашар және кураторлардың олардың мінез-құлқындағы осы ерекшелікті ескеріп, олармен көбірек жұмыс жасауы керек болды. Түсінгеніміз, олар шынында да өздеріне көңіл бөлгенді қажет етеді. Олардың мінез-құлқында психологиялық проблемалар бар. Осы жағдайларды ескере отырып, биыл тек қана жетім балаларға көмектесейік деп шештік. Сондықтан, «Ыбырай» қоғамдық қорын құрдық. «Ыбырай» қоры тек жетім балалармен жұмыс жасайды, жоғарғы класс оқушылары болса, оларды ҰБТ-ға, ал төменгі класс оқушыларын «Дарын», «Физика математика мектебі», «Назарбаев зияткерлік мектебі» секілді арнайы мектептерге дайындайды. Мәселен, біз «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директорынан «неліктен сіздің мектепке тек жағдайы жақсы отбасыларының балалары ғана түседі?» деп сұрадық. Ол «мен таңдамаймын, бірақ стандартты мектеп білімімен балалар НЗМ-ға түсе алмайды. Олар біздің мектепке түсу үшін қосымша білім беру орталықтарында дайындалуы керек» деді. Осы бағытта әділеттілікті орнату үшін жетім балалардың да оқу орталықтарынан қосымша білім алуына мүмкіндік тудырдық, егер олар ертеңгі күні жоғарыда айтып өткен мектептерге қабылданатын болса, мемлекет тарапынан олар үшін «престиж» білім алу тегін болады. Тіпті ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантқа түссе, олар төрт жыл тегін оқиды және шәкіртақы алады. Ал төрт жылдан кейін қолдарына дипломдарын алып, маман иесі болып шыққаннан кейін олар үшін қам жемесе де болады.

Еділ Аймағамбетов: Жетім балаларды қолдау ретінде жүз баланы ҰБТ-ға дайындаймыз

-      Балалардың оқу ақысы қандай қаржы көздері арқылы төленіп келеді, бұл туралы ақпаратпен бөлісе аласыз ба?

- Біз бұл мәселеге жәйдан-жәй келмедік. Бұл мәселені зерделедік, мамандармен сөйлестік, жетім балалардың өздерінің ой-пікірін білдік, Ақтөбе облысының Алға ауданында болған (қазіргі уақытта жабылып қалды) жетімдер үйінің қызметкерлерімен де сөйлестік. Және бұл бағытта мәселенің шаш етектен екендігіне көзімізді жеткіздік. Мемлекет тарапынан жетім балаларға қолдау, көмек жоқ деп айтуға болмайды. Көмек бар. Алайда, балалардың психологиялық қалыптасуын да назардан тыс қалдырмау керек. Жетімдер үйінен шыққан балалардың барлығында дерлік әлемге деген ыза, реніш бар. Оның үстіне өздерін туған әке-шешелері тастап кеткендіктен, олар басқа ешкімге сенбейді. Яғни оларда жаныңдағы адамға, тіпті болашаққа деген сенім жоқ. Мұнымен қазірден бастап айналыспасақ, бұл ертеңгі күні тұтас қоғамның проблемасына айналары анық. Ал қазірден бастап, олардың кеудесіне сенім ұялатсақ, немесе олардың ас ішіп, аяқ босатып қана қоймай, ең бастысы, адам, маман болуына қолдау білдіріп, көмек қолын созсақ, олар ең кемі, елдің қарапайым қатардағы азаматы болып өсіп шығады. Яғни олар елін, жерін сүйетін патриот болады. Біздің басты көздеген мақсатымыз да осыған саяды. Қазір бізге сенім артып отырған балалар көп. Біз ендігі кезекте осы балалардың сенімін ақтасақ деп өзіміз уайымдайтын болдық. Себебі, біз қолға алған жұмыс күрделі және ол біз үшін оңайға тиіп отырған жоқ. Бір жағынан бізге материалдық көмек қажет, сондықтан үнемі демеуші іздеу үстіндеміз. Екінші жағынан, біз оқу орталықтарымен кездесіп, мән-жайды түсіндіргенде, көптеген оқу орталықтары жетім балалармен жұмыс жасауды қиынсынып, бас тартты. Тәрбиесі нашар дейді, білімі төмен дейді, оқу орталығының рейтингісіне әсер етеді дейді, әйтеуір бірнеше сылтау айтып жатады. Сол себепті, 5 оқу орталығы ғана біздің ұсынысымызды қабыл алды. Қазіргі таңда солармен жұмыс бастаймыз деп отырмыз. Биылғы оқу жылы енді ғана басталды, балалардың оқу орталықтарына бару кестесі де енді шығады. Әр бала үшін жылына 552 мың теңге, олар оқу орталығында 10 ай оқиды, яғни ҰБТ-ға кіргенге дейін қосымша сабақтар алып тұрады. Сондай-ақ, олар түскі асын оқу орталығында ішетін етіп келістік. Және оларды әлі де болса оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырмыз. Әр балаға мектеп рюкзагын, ішінде кеңселік оқу құралдарымен бірге береміз.

Еділ Аймағамбетов: Жетім балаларды қолдау ретінде жүз баланы ҰБТ-ға дайындаймыз

Бір баланың қосымша оқу ақысына 552 мың теңге төлеп отырмыз деп жоғарыда айтып өттім. Оның ішінде баланың кітап құрадары, күн сайынғы түскі асы бар. Бұл туралы жергілікті атқарушы билік те біледі, «Ыбырай» қоры құрылған уақыттан бері жергілікті әкімдіктен бір тиын қаражат алған емес. Олардың тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру туралы ұсыныс болды. Бірақ біз үшін әзірге мұндай қажеттілік болмады. Мәселенің барлығы демеушілердің көмегімен шешіліп келеді. Өткен жылы 35 баланы оқыту үшін халықтың көмегімен 17 млн теңге қаражат жиналған болатын. Биыл 100 баланы оқытамыз деген міндет алып отырмыз, бізге 50 млн теңге көлемінде қаражат қажет, сондықтан, ойланып отырмыз, мүмкін ұлттық компаниялардың, мемлекетік ведомстволардың тендерлеріне, гранттарына қатыссақ дейміз. «Қазақстан халқына» қорына жазғанбыз, алайда, олар мұндай жобаларды қорлар арқылы жүзеге асырмайтынын айтып, бізді қаржыландырудан бас тартты.

Былтырғы тәжірибе бойынша биыл да бұл балаларды каникулдың кезінде университеттермен танысу үшін экскурсия жасатамыз. Мысалы, былтыр қыста оларды Алматыға жібердік, Алматы қаласындағы Әл-Фараби, КазНТУ секілді университеттерді қарап шықты. Келесі каникулдарында Нұр-Сұлтан қаласында болып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Назарбаев университетін аралады. Сондай-ақ, жақын болғандықтан, осы батыс өңіріндегі атап айтсақ, Атырау, Ақтау қалаларында болып, ол жақтағы жоғары оқу орындарымен танысты. Яғни оқуға түсер алдында олар университетті көздерімен көріп барып таңдайды. Білесіз бе, бұл балалар бұрын-соңды ұшақта да ұшып көрмеген. Біз оларды басқа қалаларға ұшақпен тасыдық, олардың төбелері көкке жеткендей қуанғандарын көрсеңіз. Мұның өзінің артында ынталандыру, жақсыға ұмтылдыру секілді үлкен тәрбиелік мән бар. Олар жақсы нәрсені көргеннен кейін, өздері де сол жақсыға лайықты болу үшін алға ұмтылады. Кейде мұндай балаларға қарапайым нәрсені де үйрету қажет екендігіне көзіміз жетіп жатады. Мысалы, әлгінде айтқанымыздай, Алға жетім балалар үйінің меңгерушісінің былай деп айтқаны бар еді: «Оқушылар сағатты білмейді, себебі, олардың сағатты білуіне қажеттілік болмады». Яғни оларды бір уақытта тәрбиешілері оятады, түскі немесе кешкі асқа шақырады, сабаққа алып кетеді, алып келеді. Ресейлік балалар үйінің өкілдерімен сөйлескенбіз, сонда олар «біздің балалар шекерді шайға бөлек салу керек екенін білмейді, себебі, балалар үйінде шекерді олардың стакандарына салып береді», деген еді. Сол секілді, балаларға қарапайым тұрмыстық нәрселерді үйретуге тура келеді. ЦОН-ның не екенін, Е-гов электронды қызметін алу тәсілдерін, түйіндеме құру, емханаға тіркелу, жұмысқа орналасу, тіпті ақшаны қалай үнемдеп жұмсау қажет деген де сұрақтардың жауабын оларға түсіндіріп, үйретеміз.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға