Жаңалықтар

«Еден жуушы, аула тазалаушы, электрик». Қарапайым еңбек адамдарының жалақысы қашан көбейеді

«Еден жуушы,  аула тазалаушы, электрик». Қарапайым еңбек адамдарының жалақысы қашан көбейеді
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.01.2024 11:50 1475

AMANAT партиясы фракциясының депутаттары мектептердің, ауруханалардың еден жуушы, плотник, сантехник, көше тазалаушы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттыру және әлеуметтік кепілдемелерін қарастыру туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген сөздерінен еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, өмір сапасын жақсарту арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру міндеттері айқындалатынын атап өтті.

Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары өсіп келеді. Өкініштісі сол, мекемелердің қызметін еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ауыр жұмыстарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес болса да бүгінде осы аталған жұмысшылар азаматтық қызметшілер реестірінде жоқ. Сондықтан, Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығын арттырғанда, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді, - дейді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Әсіресе, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик 81 575 теңге, аула сыпырушы – 79 317 теңге. Бүгінгі таңда, тек орта білім саласында 216 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылар бар, олардың 254 мыңы қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында.

Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуы тиіс деп есептейміз. Себебі, жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет. Халқымызда «Еңбек адамы – елдің құты» деген жақсы сөз бар, - дейді депутат.

«АMANAT» партиясының фракциясы қарапайым еңбек адамдарына санатындағы жұмысшыларға лайықты жалақы төлеудің шын мәнінде әділ әрі бірыңғай жүйесін құру жөнінде ведомствааралық жұмыс тобы құрылуы кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті.

Келесі ұсыныстарды енгізді:

  1. Оқу-ағарту министрлігі 2016 жылы 29 қаңтардағы № 123 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бұйрығымен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарап, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың осы тізілімге енгізілуін қарастырсын.
  2. Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын.
  3. Оқу-ағарту министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысы қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарын есептесін.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға