Apple компаниясында басшылық ауысты. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 51 жастағы Джон Тернус компанияның жаңа бас директоры қызметіне кірісті. Ол сондай-ақ Apple директорлар кеңесінің құрамына енді.
Джон Тернус қанша жалақы алады?
Бұған дейін Тернус Apple компаниясында аппараттық өнімдер бағытына жетекшілік етіп, аға вице-президент қызметін атқарған. Енді оған компанияны жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан жаңа технологиялық кезеңде басқару міндеті жүктелді.
Apple АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) тапсырған құжатқа сәйкес, компанияның жаңа бас директорының жылдық негізгі жалақысы 3 млн долларды құрайды. Алайда Тернустың табысы тек жалақымен шектелмейді. Оның өтемақы пакеті шектеулі акцияларды (RSU) да қамтиды.
2026 қаржы жылы үшін оған құны 2,5 млн доллар болатын RSU пакеті қарастырылған. Ал 2027 қаржы жылына арналған акциялар пакетінің мақсатты құны 55 млн доллар болады.
Осылайша, тек жылдық жалақысы мен 2027 жылға арналған акциялар пакетін есептегеннің өзінде Тернустың өтемақысы шамамен 58 млн долларға жетеді.
Акция түріндегі сыйақының қомақты болуы бас директордың табысын компанияның ұзақ мерзімді нәтижелері мен акция құнының өзгеруімен байланыстырады.
«Біз әлемді қайта өзгертеміз»
Тернус Apple-дің болашағына қатысты көзқарасын ресми тағайындалуына дейін-ақ таныстырған.
Bloomberg мәліметінше, сәуір айында Стив Джобс атындағы театрда өткен жабық кездесуде ол компанияның жаңа инновациялық кезеңге аяқ басып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, негізгі бағыттардың бірі – жасанды интеллект.
Bloomberg журналисі Марк Гурманның хабарлауынша, Тернус Apple-дегі бүкіл қызметі барысында қазіргі кезеңді ең қызықты уақыт деп атаған. Ол жаңа технологиялар компанияға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашатынын, ал жасанды интеллекттің әлеуеті іс жүзінде шексіз екенін атап өткен.
Жаңа бас директор нақты қандай өнімдер немесе сервистер әзірленетінін ашып айтқан жоқ. Дегенмен ол Apple-де ауқымды өзгерістер болатынын айтып, компанияның «әлемді қайта өзгертетінін» мәлімдеген.
Сонымен қатар Тернус Apple-дің дәстүрлі құндылықтарынан бас тартпайтынын атап өтті. Компания дизайнға, пайдаланушылардың құпиялылығын қорғауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бұрынғыдай мән бермек.
Джон Тернус кім?
Джон Тернус 1997 жылы Пенсильвания университетін «машина жасау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтағаннан кейін ол виртуалды шындық технологияларымен айналысатын Virtual Research Systems компаниясында жұмыс істеді. Ал 2001 жылы Apple компаниясына келді.
Тернус Apple-дегі 25 жылға жуық қызметінде қарапайым инженерден компанияның ең ықпалды басшыларының біріне дейін көтерілді.
Алғашқы жылдары ол дисплейлер мен iMac әзірлеу бағыттарында жұмыс істеді. 2013 жылы аппараттық инженерия бағытын басқарып, Apple-дің вице-президенті атанды. Ол iPhone, Mac, iPad, Apple Watch, AirPods және Vision Pro сияқты негізгі өнімдердің дамуына қатысты.
Тернустың мансабындағы ең маңызды жобалардың бірі – Mac компьютерлерін Apple Silicon процессорларына көшіру. Бұл қадам Apple-ге Intel процессорларынан бас тартып, құрылғылардың аппараттық және бағдарламалық бөлігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары БАҚ Тернусты бірнеше рет Тим Куктың ең ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде атаған.
Тим Кук енді не істейді?
Тим Кук 2026 жылғы 1 қыркүйекте Apple бас директоры қызметінен кетті. 26 қыркүйектен бастап ол компанияның атқарушы төрағасы қызметіне ауысады.
Дегенмен Кук Apple-ден толықтай кетпейді. Ол компанияның стратегиялық мәселелеріне қатысып, түрлі елдердегі саясаткерлермен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты жалғастырады.
Жаңа қызметіндегі оның негізгі жылдық жалақысы 2 млн доллар болады. Сонымен қатар 2027 қаржы жылына Кукке мақсатты құны 45 млн доллар болатын акциялар пакеті қарастырылған.
Осылайша, бас директор қызметінен кеткенімен, Тим Кук компанияның стратегиялық жұмысына ықпалын сақтап қалады. Ал Apple-дің күнделікті операциялық басқаруы Джон Тернустың қолына өтеді.
Тим Кук басқарған жылдары Apple қалай өзгерді?
Тим Кук Apple компаниясын 2011 жылғы 24 тамызда басқарды. Ол денсаулығына байланысты қызметінен кеткен Стив Джобстың орнын басты.
Кук басқарған жылдары Apple-дің нарықтық құны бірнеше есе өсті. 2011 жылы компанияның капитализациясы шамамен 350 млрд доллар болса, кейін ол бірнеше триллион долларға жетті.
2026 жылғы шілдеде келтірілген мәліметтерге сәйкес, Apple-дің нарықтық капитализациясы алғаш рет 5 трлн доллардан асты.
Кук дәуірінде компания сервистер бағытын кеңейтіп, жаңа құрылғылар шығаруды жалғастырды. Сонымен қатар Apple өзінің процессорларын дамытуға басымдық беріп, аппараттық және бағдарламалық экожүйені одан әрі біріктірді.
Apple үшін жаңа дәуір басталды
Джон Тернустың бас директор болып тағайындалуы Apple тарихындағы күрт өзгерістен гөрі, компанияның келесі технологиялық кезеңге өтуін білдіреді.
Жаңа бас директордың алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жасанды интеллект саласында бәсекелестерден қалмау. Apple үшін мәселе тек жаңа ИИ технологияларын енгізуде емес, оларды компанияның қалыптасқан экожүйесіне ыңғайлы әрі қауіпсіз түрде біріктіруде болып отыр.
Бұл ретте Тернустың инженерлік және өнім әзірлеу саласындағы тәжірибесі маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Тим Кук Apple-ді 15 жылға жуық басқарған кезеңнен кейін компания жаңа басшылық дәуіріне қадам басты. Енді Джон Тернустың алдында Apple-дің келесі өсу кезеңін қамтамасыз ету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін жаңа өнімдер мен сервистерге айналдыру міндеті тұр.
Біз бұған дейін Apple-дің алғашқы бүктелетін смартфоны туралы жазған едік.