Джеки Чан Маңғыстауға жетті

Джеки Чан Маңғыстауға жетті
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

 Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі атақты актер Джеки Чанның Маңғыстау жеріне келгенін хабарлады.

Облыс әкімінің апараты айтқанындай, 13 шілдеде өңірге аты аңызға айналған актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чан барды. Ол халықаралық  «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) көркем фильмінің түсіріліміне қатысады. Актерді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.

Маңғыстаудың ауқымды халықаралық киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстанның бірегей табиғи ландшафттарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы болмақ.

Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өтті.

Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтты.

фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) жобасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Фильмнің өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.

Жобаның түсірілімі қашан басталды?

Фильмнің басты түсірілім алаңдарының бірі ретінде Бозжыра шатқалы таңдалған. Маңғыстаудың символына айналған бұл табиғи ескерткіш соңғы жылдары шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып келеді. 7-12 маусым аралығында дәл осы жерде 35 адамнан құралған түсіру тобы алғашқы көріністерді таспалаған.

Жобаның түсірілімі 2026 жылдың соңына дейін жалғасады деп жоспарланған. Ал фильмнің әлемдік премьерасы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.

Айта кетерлігі, «Құдіретті сауыт-сайман» франшизасы – Джеки Чанның шығармашылық жолындағы ең танымал жобалардың бірі. Алғашқы фильм 1986 жылы жарық көріп, кейін бірнеше жалғасы түсірілді. Экшн, шытырман оқиға және каскадерлік трюктерге негізделген картина әлем бойынша миллиондаған көрерменнің ықыласына ие болған.

Оқи отырыңыз