Дүйсенбі синдромы: неге жаңа апта ауыр басталады

Дүйсенбі синдромы: неге жаңа апта ауыр басталады
Фото: AI көмегімен жасалды

Көпшілік үшін дүйсенбі – аптаның ең ауыр күні. Демалыстан кейін таңертең ерте тұру қиындап, жұмысқа деген құлшыныс төмендеп, көңіл күй де құбылады. Бірі мұны жалқаулыққа баласа, енді бірі «дүйсенбі синдромы» деп әзілдейді.

«Дүйсенбі синдромы» жай ғана халық арасында тараған түсінік емес. Мұны ғылыми зерттеулер де растайды.

34 зерттеуді қамтыған метаталдау дүйсенбі күні адамдардың көңіл күйі аптаның басқа жұмыс күндеріне қарағанда төмен болатынын көрсетті. Бұл құбылыс әсіресе студенттер арасында анық байқалған.

Ғалымдар тағы бір қызық жайтты анықтады: адамдар аптаны еске түсіргенде дүйсенбіні шын мәніндегіден әлдеқайда ауыр күн ретінде сипаттайды. Яғни дүйсенбі туралы қалыптасқан жағымсыз пікір оның психологиялық әсерін күшейте түседі.

Демалыстағы ұйқы әсер етеді

2024 жылы «Ұйымдық мінез-құлық» журналында жарияланған зерттеу демалыстағы ұйқының тек дүйсенбіге ғана емес, бүкіл жұмыс аптасына ықпал ететінін көрсетті.

Ғалымдар демалыста сапалы ұйықтаған адамдардың дүйсенбі күні жұмысқа психологиялық тұрғыдан тезірек бейімделетінін анықтады. Олар жұмысқа ынтамен кірісіп, тапсырмаларды тиімді орындаған.

Ал ұйқысы қанбаған немесе режимі бұзылған адамдардың жұмысқа қайта бейімделуі қиындаған. Зерттеу авторларының айтуынша, мұнда басты рөлді «reattachment», яғни адамның ойын, назарын және күш-жігерін қайтадан жұмысқа бағыттай алуы атқарады. Демек, демалыстағы сапалы ұйқы бүкіл аптаның өнімді өтуіне ықпал етеді.

Көпшілік жұмыс күндері аз ұйықтап, демалыста ұзақ тынықса жеткілікті деп есептейді. Алайда SLEEP журналында жарияланған зерттеу мұның шындыққа жанаспайтынын көрсетті.

Зерттеуге қатысушылар алты апта бойы жұмыс күндері ұйқысын шектеп, сенбі мен жексенбіде сегіз сағаттан толық демалған. Соған қарамастан олардың есте сақтау қабілеті, реакция жылдамдығы және зейіні бұрынғы деңгейіне қайта оралмаған.

Бұл адамның жұмыс аптасында жиналған ұйқы тапшылығын екі күнде толық өтей алмайтынын дәлелдейді. Оның үстіне демалыста кеш ұйықтау биологиялық сағатты одан әрі өзгертіп, дүйсенбі күні шаршауды күшейтеді.

Күйзеліске алдын ала дайындалады

Ұлыбританияда жүргізілген Whitehall II зерттеуі жұмыс күні таңертең ағзада бөлінетін негізгі стресс гормоны – кортизолдың мөлшері демалыс күндеріне қарағанда әлдеқайда жоғары болатынын анықтады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, оянғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта жұмыс күндері кортизол деңгейі орта есеппен 10,5 нмоль/л, ал демалыс күндері 3,7 нмоль/л ғана көтерілген. Яғни жұмыс таңындағы көрсеткіш шамамен үш есе жоғары.

Ең қызығы – бұл өзгеріс жұмыс басталмай тұрып орын алады. Ми алда жауапкершілік күтіп тұрғанын сезіп, ағзаны алдын ала күйзеліске дайындайды. Зерттеуге қатысушылар жұмыс күндері өздерін көбірек күйзелісте, еркіндігі аз әрі көңіл күйі төмен екенін де айтқан.

Дүйсенбі денсаулыққа да әсер етеді

Ғалымдардың айтуынша, дүйсенбі тек көңіл күйге ғана емес, денсаулыққа да ықпал етуі мүмкін.

Ирландиядағы Корольдік хирургтер колледжі жүргізген зерттеу дүйсенбі күні ауыр инфарктың даму қаупі басқа күндермен салыстырғанда шамамен 13 пайызға жоғары екенін көрсетті.

Еңбек қауіпсіздігіне қатысты зерттеулер де ұқсас нәтиже берген. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың ең көбі дәл дүйсенбінің алғашқы екі сағатында тіркеледі. Кейбір талдаулар бойынша, дүйсенбі таңындағы алғашқы сағатта болатын апаттар саны сейсенбімен салыстырғанда 28,6 пайызға, ал жұмамен салыстырғанда 44,4 пайызға көп болған.

Мамандар мұны ұйқы режимінің бұзылуы, стресс гормондарының көбеюі және жұмысқа қайта бейімделудің қиындығымен байланыстырады.

Дүйсенбіні жеңіл өткізудің жолы қандай?

Ғалымдар бірнеше қарапайым кеңес береді:

  • демалыс күндері ұйқы уақытын бір сағаттан артық өзгертпеу;
  • таңертең оянғаннан кейін 20-30 минут табиғи жарыққа шығу;
  • тұрақты ұйқы режимін сақтау;
  • дүйсенбіге ең ауыр тапсырмаларды жоспарламау;
  • күн ішінде өзіңізге ұнайтын шағын әрекетке уақыт бөлу.

Қорыта айтқанда, дүйсенбінің ауыр сезілуі – қиялдан туған түсінік емес. Бұған ағзаның биологиялық ырғағының өзгеруі, жиналған ұйқы тапшылығы, стресс гормондарының көбеюі, демалыстан кейінгі психологиялық бейімделу және адамның еркіндігінің азаюы қатар әсер етеді. Сондықтан жаңа аптаны жеңіл бастау үшін ең алдымен демалыс күндерінің өзінде тұрақты ұйқы режимін сақтауға көңіл бөлген жөн. 

Оқи отырыңыз