Жаңалықтар

«Дұрыс бір заң шығарайық». Еділ Жаңбыршин ашуға булықты

«Дұрыс бір заң шығарайық». Еділ Жаңбыршин ашуға булықты
Фото: parlam.kz 06.03.2024 12:02 1442

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мемлекет дамуы үшін оның ғылымы дамуы керек екенін айтып, отандық ғалымдарға ешқандай жағдай жасалмағанын айтып, ғылыми кеңестердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат әлемді инновациялық индексте еліміздің ғылымы 2020 жылы 77-орында болғанын, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша 81-орынға төмендегенін тілге тиек етті.

Яғни кейін қарай кетіп қалдық. Одан кейін ғылыми кеңестердің жұмысының кемшіліктерін кеше түнімен отырып зерттеп, қарап шықтым. Осылар қандай есептер беріп жатыр екен деп. Ұлттық ғылыми кеңес деп аталады. Мұндайдың 10 шақтысы бар. Қарап отырсаң, бәрінің есебі 4 бет. Тек қана статистика, өздерінің мүшелерін жазып қойған. Ішінде ешқандай сараптама жоқ. Қанша ғылыми жетістіктер болды, қайда кетті, экспортқа шығарылатын қандай тауарлар жетілдірілді, қанша салық түсті, қанша жұмыс орны ашылды – ешқандай мәлімет жоқ, – деді Жаңбыршин.

Депутат бұл жұмыстардың барлығы тек орыс тілінде жазылғанын атап өтті.

Не ағылшын тілінде, не қазақ тілінде жазылған ешқандай материал жоқ. Ғылым дамуы үшін ғалым дамитын нүктелер болуы керек. Мысалы, әлемдік нұсқалар бар. Біз неге заңда сондай жасамаймыз? Біз ғалымдарға жағдай жасамай, ғылым дамымайды. Оларға әлеуметтік, материалдық-техникалық базасын, ғылымды дамытуға қажетті зертханасын жасауымыз керек. Сәтбаев қайда? Есенов қайда? Марғұлан қайда? Оларсыз ешқандай ғылым дамымайды. Сондықтан мына заңда біз ғылымның дамуына қажетті ешқандай затты көріп отырған жоқпыз. Ғалымды дайындамай, ғылым дамымайды, ал ғалымдар қайда? Бәрі шетелге кетіп қалады. Бюджеттен ақша ала алмағаннан кейін олар несие алып, әрең күнін көріп жүр, – деді мәжілісмен Еділ Жаңбыршин.

Депутат «Ғылым туралы заңды екінші рет қарап жатырмыз. Қайта келмейтіндей бір дұрыс заң шығарайық», – деп ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке қадап айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға