Дүниежүзілік қан доноры күні: қан тапсырмас бұрын нені ескеру қажет?

 El.kz
Фото: El.kz

Жыл сайын 14 маусымда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қан доноры күнін атап өтеді. Бұл күн – өз еркімен және өтеусіз қан тапсырып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетуге арналған маңызды дата. Сонымен қатар қоғамға донорлықтың маңызын түсіндіріп, қауіпсіз қан қорын қалыптастыруға назар аударуға мүмкіндік береді.

Биылғы халықаралық ұран – «Бір тамшы адамгершілік. Қан тапсыр. Өмірді құтқар». Бұл сөздердің астарында үлкен мағына жатыр. Өйткені донордың бірнеше минуттық уақыты біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Донорлық не үшін қажет?

Қан – жасанды жолмен өндірілмейтін биологиялық ресурс. Сондықтан медицина саласы әрдайым ерікті донорларға мұқтаж.

Донорлық қан мен оның компоненттері:

  • ауыр жол-көлік апаттарына ұшыраған науқастарға;
  • күрделі хирургиялық операциялар кезінде;
  • онкологиялық ауруларды емдеуде;
  • қан ауруларына шалдыққан адамдарға;
  • босану кезіндегі асқынуларда;
  • төтенше жағдайлар кезінде қажет болады.

Мамандардың айтуынша, тұрақты қан қоры болмаса, көптеген медициналық көмекті дер кезінде көрсету мүмкін емес.

Қазақстанда қан тапсырушылар саны қанша?

Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда трансфузиялық көмек көрсететін 498 медициналық ұйым жұмыс істейді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде:

  • 201 859 адам қан және оның компоненттерінің доноры болған;
  • 2024 жылы бұл көрсеткіш – 209 767 адам;
  • 2023 жылы – 207 894 адам.

Статистика донорлар санының аздап төмендегенін көрсеткенімен, қан тапсыру жиілігі артып келеді.

Мәселен:

  • 2023 жылы – 248 650 донация;
  • 2024 жылы – 249 950 донация;
  • 2025 жылы – 255 255 донация жасалған.

Бұл көптеген азаматтардың тұрақты түрде қан тапсыру мәдениетін қалыптастыра бастағанын аңғартады.

Донор болудың пайдасы қандай?

Көпшілік донорлықты тек қайырымдылық деп қабылдайды. Алайда оның донордың өзі үшін де белгілі бір артықшылықтары бар.

Қан тапсырған адам:

  • денсаулығына тұрақты бақылау жасайды;
  • В және С гепатиті, АИТВ және мерез сияқты инфекцияларға тегін тексеруден өтеді;
  • ағзаның қан түзу жүйесінің жаңаруына ықпал етеді;
  • қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін көрсетеді.

Сонымен қатар Қазақстанда өтеусіз қан тапсырған азаматтарға екі күн қосымша демалыс беріледі. Бұдан бөлек тамақтануға арналған өтемақы төленеді. Қазіргі мөлшері – 0,25 АЕК немесе 1081 теңге.

Кімдер донор бола алады?

Қазақстанда донор болу үшін адам:

  • 18 жастан асқан болуы;
  • дені сау болуы;
  • салмағы кемінде 50 келі болуы;
  • бойы 150 сантиметрден төмен болмауы тиіс.

60 жастан асқан азаматтар үшін донорлыққа рұқсат дәрігердің жеке қорытындысы негізінде беріледі.

Қандай жағдайда қан тапсыруға болмайды?

Мамандар төмендегі жағдайларда донорлықтан уақытша бас тартуға кеңес береді:

  • тұмау немесе жедел респираторлық ауру кезінде;
  • антибиотик қабылдағаннан кейін 14 күн өтпесе;
  • тіс жұлдырғаннан кейін 10 күн өтпесе;
  • татуировка немесе пирсинг жасатқаннан кейін 4 ай өтпесе.

Бұл талаптар донордың да, реципиенттің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілген.

Қан тапсыруға қалай дайындалу керек?

Донорлыққа дұрыс дайындалу өте маңызды.

72 сағат бұрын:

  • аспирин және қан ұюына әсер ететін дәрілерді қабылдамау керек.

48 сағат бұрын:

  • алкогольден толық бас тарту қажет.

24 сағат бұрын:

  • майлы, қуырылған, ащы және ысталған тағамдарды тұтынбаған жөн;
  • сүт өнімдері мен жұмыртқаны шектеу ұсынылады.

Қан тапсыратын күні:

  • жеңіл таңғы ас ішу;
  • тәтті шай ішу;
  • процедураға дейін екі сағат бұрын темекі тартпау қажет.

Қан тапсырғаннан кейін не істеу керек?

Донорлықтан кейін ағзаға қалпына келуге уақыт қажет.

Сондықтан:

  • алғашқы 10 минут тынығып отырған дұрыс;
  • екі сағат темекі тартпау керек;
  • бір тәулік ауыр физикалық жүктемеден бас тартқан жөн;
  • алкоголь ішпеу қажет;
  • мол сұйықтық ішіп, дұрыс тамақтану ұсынылады.

Қайтадан қан тапсыру дәрігерлердің ұсынысына сәйкес шамамен екі-үш айдан кейін мүмкін болады.

Донорлық – адамгершіліктің көрінісі

Қан доноры болу үшін ерекше қабілет немесе үлкен қаржы қажет емес. Тек бірнеше минут уақыт пен өзгеге көмектесуге деген ниет жеткілікті. Бір адамның тапсырған қаны бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондықтан Дүниежүзілік қан доноры күні – тек мерекелік дата ғана емес, қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершіліктің маңызын еске салатын ерекше күн. Өйткені кейде бір тамшы қан – бір адамның өмірге деген үміті болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз