Ұлттық спорттың халықаралық аренасына айналған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алтыншы рет өткелі отыр. Аталған жарыс Қырғыз Республикасында 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығына жоспарланған. Ресми регламентте 43 спорт түрі бекітілген. Жауаптылардың сөзінше, Қазақстан құрамасы осы спорт түрінің барлығынан сынға түседі.
Ойындардың бағдарламасында жанкүйердің ерекше ықыласына бөленген көкпар мен көкбөрі спорт түрлері көпшіліктің назарында. Туризм және спорт министрілігі осы халықаралық додаға қатысатын спортшыларды жасақтап, жан-жақты дайындықтан өткізу жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп жатыр.
Көкпардан ұлттық құрама Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Шабандоздар осыған дейін Алматы облысы, Олимпиадалық даярдау орталығында физикалық тұрғыдан жаттығудан өтті. Шілде айының 10 - 30 аралығында спортшылар атпен жаттығады. Қазіргі таңда ұлттық құраманың 24 спортшысы ат үстіндегі шеберліктерін шыңдап, командалық тактика мен техникалық дайындықтарын жетілдіреді.
Жаттығу жұмыстарын көкпардан бас жаттықтырушы Нұрдәулет Момынов жүргізіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны барысында спортшылар көкпар және көкбөрі сайыстарына қатар дайындық жүргізеді.
Ұлттық құрама жарысқа дейін тағы да 2 оқу-жаттығу жиынынан өтеді, біреуі елдегі аттармен жаттығу болса, соңғысы Қырғыз еліндегі бейімделу мақсатындағы қорытынды жиын болмақ.
Жиынның басты мақсаты – ұлттық құраманың физикалық және тактикалық дайындығын арттырып, халықаралық дода алдында командалық рухты күшейту.
Алдағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы ұлттық спорттың абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.