Дубайда әлемдегі екінші ең биік ғимарат салынып жатыр

Дубайда әлемдегі екінші ең биік ғимарат салынып жатыр
Фото: AI көмегімен жасалды

Дубайда әлемдегі ең биік ғимараттардың біріне айналатын Burj Azizi зәулім мұнарасының құрылысы жүріп жатыр. Биіктігі 725 метр болатын нысан аяқталғаннан кейін 828 метрлік Burj Khalifa-дан кейінгі әлемдегі екінші ең биік ғимарат атанбақ.

Жобаны Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі құрылыс компанияларының бірі Azizi Developments жүзеге асырып жатыр. Компания өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс алаңында негізгі мұнараның іргетасын қалау және автоматтандырылған автотұрақты салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Мамандар бұл екі кезеңді жобаның инженерлік тұрғыдан ең күрделі бөліктерінің қатарына жатқызады.

7 мың текше метр бетон құйылды

Burj Azizi автотұрағы тоғыз жерасты қабатынан тұрады. Оның ең төменгі бөлігі жер бетінен шамамен 30 метр тереңдікте орналасады.

Автоматтандырылған автотұрақ жүйесіне арналған конструкцияны жасау үшін ауқымды бетон құю жұмыстары жүргізілген. Небәрі 40 сағат ішінде құрылыс алаңына 7 мың текше метр бетон жеткізілді. Бұл жұмысқа 200-ден астам маман мен 700 жүк көлігі жұмылдырылған.

Сонымен қатар негізгі мұнараның іргетасын салу жалғасып жатыр. Оның негізін қалыңдығы бес метр болатын тұтас темірбетон конструкция құрайды. Бұл құрылым болашақ 140 қабатты зәулім ғимараттың толық салмағын көтеруге және жүктемені біркелкі таратуға есептелген.

Қазір құрылыс алаңында күн сайын шамамен 750 адам жұмыс істейді. Компания өкілдері мұнараның негізгі конструкциясын қалыптастыратын бұл кезеңде инженерлік дәлдік пен қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

Пәтерлерден жеті жұлдызды қонақүйге дейін

Burj Azizi тек кеңсе немесе туристік нысан емес, көпфункционалды кешен ретінде салынып жатыр. Мұнарада тұрғын үй, қонақүй, демалыс және ойын-сауық орындары, мейрамханалар мен сауда алаңдары орналасады.

Тұрғындарға бір, екі және үш жатын бөлмелі пәтерлер ұсынылады. Ал мұнараның жоғарғы тұрғын қабаттарында жеке кіреберісі мен жеке лоббиі бар ультралюкс пентхаустар салынады.

Ғимараттың әртүрлі қабаттарында тұрғындар мен қонақтарға арналған инфрақұрылым қарастырылған. Мұнда бассейндер, SPA кешені, фитнес және йога орталығы, кинотеатр, ойын бөлмесі, мейрамханалар мен сауда орындары жұмыс істейді.

Мұнараның жоғары бөлігінде тек люкс санатындағы нөмірлерден тұратын жеті жұлдызды қонақүй орналасады. Оның концепциясы әлемнің жеті түрлі мәдени бағытына негізделмек.

Қонақүй аумағында әртүрлі мәдени стильде безендірілген мейрамханалар, дәстүрлі эмират тағамдарын ұсынатын арнайы мейрамхана, салтанатты іс-шараларға арналған үлкен бал залы және жағажай клубы ашылады.

Бірнеше әлемдік рекордқа үміткер

Burj Azizi биіктігімен ғана емес, ғимарат ішінде орналасатын бірқатар нысанымен де рекорд орнатуды көздейді.

Жоспар бойынша 130-қабатта әлемдегі ең биік орналасқан шолу алаңы ашылады. 126-қабатта әлемдегі ең биік түнгі клуб, ал 122-қабатта ең жоғары орналасқан мейрамхана жұмыс істемек.

Бұдан бөлек, 111-қабатта әлемдегі ең биік қонақүй лоббиі, 118-қабатта ең жоғары орналасқан қонақүй нөмірі болады деп жоспарланған.

Мұнараның ең жоғарғы бөлігінде арнайы музей ашылады. Онда Burj Azizi-дің идеядан бастап алып ғимаратқа айналғанға дейінгі құрылыс тарихы мультимедиалық экспозициялар арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан адамдар мен құрылыстың негізгі кезеңдері таныстырылады.

Burj Khalifa-дан 103 метр ғана төмен

Burj Azizi құрылысын 2030 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Мұнараның жалпы биіктігі 725 метр, ал қабат саны 140 болады.

Салыстыру үшін, қазіргі таңда әлемдегі ең биік ғимарат саналатын Дубайдағы Burj Khalifa-ның биіктігі – 828 метр. Осылайша Burj Azizi одан 103 метр ғана төмен болады.

Жоба толық аяқталған жағдайда жаңа мұнара Дубайдың сәулеттік келбетін толықтырып қана қоймай, әлемдегі ең биік ғимараттар қатарынан орын алады.

Оқи отырыңыз