Жаңалықтар

Драматургтер одағы құрылса деймін – Жәнібек Әлікен

Драматург, бірнеше пьеса авторы Жәнібек Әлікенмен сұхбат
Драматургтер одағы құрылса деймін – Жәнібек Әлікен
Фото: жеке мұрағат 25.10.2022 14:45 4032

Пьеса жаза білу – үлкен өнер. Қаламды қолға алып, тартымды шығарманы жазу, оқырманның жүрегіне жол таба білу оңай іс емес. Бүгінде талай пьесасы театрда сахналанып жүрген драматургтің бірі – Жәнібек Әлікен. Еңбегі сіңген қаламгермен қазақ драматургиясының кешегісі мен бүгіні туралы сөйлесіп, ұлт өнерінің деңгейін таразыладық.

- Өнер саласына қашан және қалай келдіңіз?

- Біздің ұлтқа бірдеңені көрсетіп берсе болды, соны істей береді ғой. Бізге ең бастысы бір көріп алсақ болды. Ағам Нартай Сауданбекұлы, мамандығы театр және кино актері. Астанадан Алматыға кеп киноға түседі. Сол кезде қолындағы сценарилерді мен де оқитынмын. Сөйтіп, «Ее, сценарий осылай жазылады екен, қиын түгі жоқ екен ғой» дедім де, сценарий жаздым.

Ол сценариімді өзгелер оқып күшті екен деп таңғалды. Содан түрлі тапсырыс түсе бастады. Пьесаға да ұсыныс түсті. Оның қалай жазылатынын бұрыннан білетінмін. Мектеп кезінде Дулат Исабеков ағамыздың «Әпке» деген шығармасын оқығанбыз. Содан пьеса жаздым. Сөйтіп драматург болып кеттік қой.

- Ең алғашқы пьесаңыз қашан, қалай сахналанды? Сол кездегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Бір режиссер жігіт «Балаларға арнап бір ертегі жазып бересің бе?» деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, мен «Сиқырлы терезе» деген пьесамды жазып шықтым. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы  академиялық Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанды. Мұны көрермендер жақсы қабылдады. Одан кейін «Құпия» деген пьеса жаздым, ол да аталмыш театрда сахналанды. Әсері әрине қызық болды. Жазған адамдарыңның қағаз бетінен сахнаға шығып, тірі адамға айналуы, бұл өзі қызық процесс.

- Сіз пьеса жазуда нені басшылыққа аласыз?

- Кез келген адам менің пьесамды оқып, спектаклді көргеннен кейін ізгілікке, адамгершілікке бір қадам жақындаса деймін. Жазған дүниемнің артында бір тағылым тұруы керек. Осыған қатты мән беремін және осы үшін де жазамын.

- Сіздің қазақ қоғамы ерекше қабылдаған туындыңыздың бірі – «Абайлаңыз, ескерткіш!». Бұл пьеса арқылы не қозғағыңыз келді? Сізді бүгінгі қоғамның қандай өзекті мәселелері толғандырады?

- Енді қазақ қоғамы деген артықтау болар, «Драма.KZ» пьесалар бәйгесінде жүлделі орынға ие болды. Айтқым келгені сол пьесада ешқандай астарсыз, ашық айтылып тұр. Абай хәкімнің осыдан жүз бәленбай жыл бұрынғы айтып кеткен насихатының біріне де амал жасамағанымыз, бір табан да алға жылжымағанымыз.

- Сапалы драматургия, театрды өміршең етеді. Әсіресе бүгінгі өмір философиясымен ұштасып жатса, сұраныс артады. Қазір қазақ қоғамына қандай тақырыптағы қойылымдар қажет және біздің қаламгер мұндай тақырыптарды қаншалықты ашып жазуда?

- Қазір көрермен театрдан өзін көргісі келеді, өзекті мәселелердің қозғалғанын қалайды. Біз біріншіден, замандастарымыз туралы, екіншіден, мәңгілікке қалатын пьесаларды жаза алмай жатырмыз. Егер біздің заманға, қазақ қоғамына өткір тақырыптарды ғана көтеріп жазатын болсақ, ол әлемге қызық болмауы мүмкін. Сондықтан барша адамзатқа ортақ мәселерді қозғай білу қажет. Мәселен, Уильям Шекспирдің пьесаларын Англияға ғана емес, әлем сахнасына шығаратын болсақ, ол жерден әркім өзін таба алады.

Біз көбінесе өткенді, мерейтойларға қатысты пьесаларды жазамыз. Мысалға Абай атамыздың 175 жылдығы, Қазақ хандығына 550 жыл, Жабыл Жабаевтың 175 жылдығын келтіре кетсе болады. Ал драматургия деген алға қарауы керек. Осылайша біз әлі де болашақты, қазіргі таңда мәңгілікке қалатын, барша адамзатқа ортақ пьесаларды жаза алмай жатырмыз.

- Әр дәуірдің беткетұтар тұлғалары болады. Бүгінгі отандық драматургияда кімдерді ерекшелеп, атар едіңіз?

- Айналып келгенде, ұлт руханиятының алыптары Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Төлен Әбдік, кешегі өткен Қалтай Мұхамеджанов ағаларымыздың қазақ драматургиясына қосқан үлесі орасан зор. Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» деген пьесасы оқиғаға емес, сөзге құрылса да жоғары деңгейде жазылған. Әсіресе Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» кезінде мықты шығарма болды. Бірақ қазір оның заманы өтіп кетті.

Шыны керек, өзім пьеса оқи алмаймын. Өйткені мен үшін бұл өмірде пьеса оқығаннан ауыр азап жоқ. Пьесаның жанры сондай, өте құрғақ жазылады, ештеңені сипаттамайды. Оны тек режиссер көре алса ғана көрермендерге жеткізеді. Қазақстандағы театрларда қандай қойылымдар қойылып жатқанын білмеймін. Сондықтан мынау күшті деп біреуін ерекшелеп айта алмағаным, қазіргі замандастарымның әлсіздігінен емес, дұрыс ізденбегенімнен деп ойлаймын.

- Бүгінде жас драматургтер жоқтың қасы деп айтып жатады. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз?

- Негізінде жас драматургтер көп. Оларға Үкімет тарапынан да, театрлар тарапынан да қолдау жоқ. Нақты бел буып, драматургиямен кәсіби түрде айналысатын драматургтерді де табу қиын. Себебі жалғыз пьеса, драматургиямен күн көру мүмкін емес. Драматургиямен айналысу үшін сол салаға «баспен кетіп», кәсіби тұрғыда айналысу керек.

Қазір Жазушылар одағы, Суретшілер одағы дегендер бар. Бірақ драматургерді біріктіретін қоғамдық ұйым жоқ. Олар не жазушыларға, не театр одағына да жатпайды. «Жазушылар одағында» драматургтер секциясы болса да, оған қабылдану үшін міндетті түрде 2 кітап шығару қажет. Ал енді драматургтер қандай кітап шығарады? Жазған 1-2 пьесасымен шығара алмайды ғой! Сол себепті драматургтер үлкен қолдауға мұқтаж. Театр дамысын десек, ең бірінші сол театрдың материалдық базасын жасайтын драматургтерге жағдай жасау қажет. Қазір жазғысы келіп жүрген қаншама жас бар. Мен танитын Айдана Аламан, Мұрат Қолғанат, Әлішер Рахат, Әлібек Байбол сынды жас драматургтер аянбай қызмет етуде. Бірақ драматургияда жазылған пьесаға мардымсыз жалақы төленеді және оның театрда сахналануы да екіталай.

- Драматург болуға ниеттеніп жүрген жастарға тәлім-тәрбие беретін оқу орны бар ма?

- Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында драматургтер мен сценаристерді дайындайтын факультет бар. Бірақ жылына қанша студент оқу бітіретінін, олардың жазған пьесаларының қайда екенін білмеймін.

- Өзіңіз жастарды осы салаға үйретуге қалай қарайсыз?

- Біреуге ақыл айтатын шамада емеспін деп ойлаймын. Менің «Пьесаны қалай жазуға болады?» деп сұрағандарға айтар бір ғана ақылым бар. Ол – «Отыр да, жаз!». Себебі драматургияда нақты қалып, ереже жоқ, ол сонысымен де драматургия. Тек қана кейіпкерлердің іс-әрекетіне және пьесаның басталуына, шарықтау шегі, соңына ерекше назар аудару керек.

- Қазір қандай шығармашылықпен айналысып жатырсыз?

- Қазіргі таңда «Хабар» арнасындағы «Бұл осылай болған еді» деген хабарды жүргіземін. Авторлық жоба деректі фильмдер жүйесіне құрылған. Осылайша журналистика саласында жүрмін. Әзірге ешқандай шығарма жазып жатқан жоқпын.

- Болашаққа қойған қандай жоспарыңыз бар?

- Жоспар көп. Драматургтер одағын құру ойда бар. Жас драматургтерді одаққа жинап, олармен бірге драматургия саласын дамытқым келеді. Елде, шетелде өтетін театр фестивальдеріне драматургтердің белсенді қатысқанын қалаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға