Дизельдің орнын электромобиль баса ма? Алматы автопаркіндегі ерекше тренд

Дизельдің орнын электромобиль баса ма? Алматы автопаркіндегі ерекше тренд
Фото: AI көмегімен жасалды

Алматыда электр қуатымен жүретін көліктер саны қарқынды өсіп келеді. Қазір қаладағы әрбір 10 дизельді жеңіл көлікке шамамен 9 электромобильден келеді. Осы динамика сақталса, алдағы уақытта электрлі көліктер саны дизельмен жүретін автомобильдерден асып түсуі мүмкін. Дегенмен әзірге экологиялық тұрғыдан таза көліктер Алматы автопаркінің аз ғана бөлігін құрайды.

Қазақстан автопаркінің басым бөлігі ескі

Автокөлік ірі қалалардағы ауаның ластануына әсер ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Шығарындылар көлеміне көлік саны ғана емес, оның шығарылған жылы, пайдаланатын отын түрі мен техникалық жағдайы да ықпал етеді. Сондықтан автопаркті жаңарту және экологиялық таза көлік түрлеріне көшу мәселесі күн тәртібінен түспей отыр.

2026 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жеңіл автомобильдердің 42,4%-ы 20 жылдан астам уақыт бұрын шығарылған. Тағы 26,6%-ының пайдаланылғанына 10 жылдан 20 жылға дейін болған. Яғни елдегі әрбір он жеңіл көліктің жетеуіне жуығы 10 жылдан астам уақыттан бері жолда жүр.

Дегенмен автопарктің біртіндеп жаңарып келе жатқаны байқалады. Бір жыл бұрын 10 жылдан асқан көліктердің жалпы үлесі 65,7% болса, үш жылдан аспаған жаңа автомобильдердің үлесі 6,8%-дан 17,3%-ға дейін өскен.

Өңірлер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай. Жамбыл облысында 20 жылдан асқан көліктер жеңіл автомобильдер паркінің 63,3%-ын құрайды. Жетісу облысында бұл көрсеткіш – 57,5%, Алматы облысында – 57%. Ақмола облысында мұндай көліктердің үлесі 50%-ға жеткен.

Ал ірі қалалар арасында ескі көліктердің үлесі ең төмен көрсеткіш Астанада тіркелген – 19,3%. Шымкентте 20 жылдан асқан машиналардың үлесі 29,6% болса, Алматыда 30,1%-ды құрайды. Бұл – шамамен 190,4 мың автомобиль.

Алматыда электромобильдер саны дизельді көліктерден асып кетуі мүмкін

Қазақстанда жеңіл көліктердің басым бөлігі әлі де бензинмен жүреді. 2026 жылғы тамызда тіркелген жеңіл автомобильдердің 88%-ы бензин пайдаланған. Яғни елдегі әрбір он көліктің тоғызына жуығы осы отын түріне тәуелді.

Дизель отынымен жүретін көліктердің үлесі – 1,7%, ал электромобильдердікі – 0,5%. Қалған 9,8% басқа отын түрлерін пайдаланатын автомобильдерге тиесілі.

Алайда соңғы бірнеше жылдағы көрсеткіштер екі сегменттің қарама-қарсы бағытта өзгеріп келе жатқанын аңғартады. Дизельді жеңіл көліктердің үлесі біртіндеп азайса, электромобильдер саны жыл сайын артып келеді.

Мәселен 2022 жылғы тамызда дизельді көліктер елдегі жеңіл автомобильдердің 2%-ын құраған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,9%-ға, 2024 және 2025 жылдары 1,8%-ға, ал биыл 1,7%-ға дейін төмендеді.

Электромобильдерде керісінше өсім бар. 2023 жылғы тамызда олардың үлесі небәрі 0,1% болса, 2024 жылы – 0,2%, 2025 жылы – 0,4%, ал 2026 жылы 0,5%-ға жеткен.

Бұл үрдіс әсіресе Алматыда айқын байқалады. Қазір қалада әрбір 10 дизельді жеңіл автомобильге шамамен 9 электромобильден келеді. Яғни екі санат арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарған. Электрлі көліктер саны осы қарқынмен өсе берсе, олардың дизельді автомобильдерден саны жағынан алға шығуы ықтимал.

Соған қарамастан, Алматы автопаркінің жалпы құрылымында экологиялық таза көліктердің үлесі әзірге шамамен 3% деңгейінде.

Ел бойынша айырмашылық әлі де үлкен

Ал Қазақстан көлемінде дизельді көліктер мен электромобильдер арасындағы алшақтық сақталып отыр. Қазір елде дизель отынымен жүретін 86,4 мың жеңіл автомобиль тіркелген. Электромобильдер саны – 26,3 мың.

Демек, республика бойынша дизельді жеңіл көліктер электромобильдерден 60,1 мыңға көп. Бірақ соңғы жылдардағы динамика электрлі көліктер паркінің әлдеқайда жылдам өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Алматыда көліктерге экологиялық талап күшейді

Қаладағы автокөлік шығарындыларын азайту мақсатында Алматыда жаңа экологиялық тетіктер де енгізіле бастады. 2026 жылғы 28 сәуірден бастап қала орталығында Қазақстандағы алғашқы төмен шығарындылар аймағы – LEZ тестілік режимде жұмыс істеп келеді. Жыл соңына дейін бұл аймаққа кіру үшін төлем алынбайды, сондай-ақ айыппұл немесе қозғалысты шектеу шаралары қарастырылмаған.

Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензин, газ және дизель отынымен жүретін көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру енгізілді. Мұндай тексеру кезекті жоспарлы техникалық байқау мерзімі келген кезде жүргізіледі.

Бензин және газбен жүретін автомобильдердің шығарындыларындағы көміртек тотығы мен көмірсутектердің мөлшері өлшенеді. Ал дизельді көліктерге қойылатын талап ауқымдырақ. Олардың түтін деңгейі, күйе сүзгісінің болуы, пайдаланылған газды тазартатын SCR жүйесі, азот оксиді датчиктері, температура мен арнайы сұйықтық деңгейін бақылайтын құрылғылар және экологиялық жүйенің басқа да компоненттері тексеріледі.

Электромобильдерде пайдаланылған газ болмайтындықтан, олар мұндай шығарындылар тексеруінен өтпейді. Осылайша, Алматыда көлікке қойылатын экологиялық талаптардың күшеюі мен электромобильдер санының артуы қатар жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз