Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде америкалық Алик Лоренцті техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша отандасымыз UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жек екінші раундтың небәрі 24-секундында аяқталды. Нұрғожай қарсыласының басына аяқпен дәл соққы жасап, артынша жерде бірнеше соққы жұмсады. Төреші кездесуді тоқтатып, қазақстандық спортшының техникалық нокаутпен жеңгенін тіркеді.
Жекпе-жектің алғашқы раунды Нұрғожай үшін оңай болған жоқ. Америкалық қарсыласы белсенді шабуылдап, қауіпті соққыларымен көзге түсті. Алайда қазақстандық файтер бапкерлерімен бірге әзірлеген тактикасын тиімді пайдаланып, кездесудің тағдырын өз пайдасына шешті.
UFC статистикасына сәйкес, Нұрғожай 56 дәл әрі маңызды соққы жасаса, Лоренц 39 соққымен жауап берген. Қазақстандық спортшының соққы дәлдігі 66 пайызды құрады. Сондай-ақ ол бес тейкдаун әрекетінің екеуін сәтті орындап, қарсыласын партерде 2 минут 51 секунд бақылауда ұстады.
UFC турнирі Қазақстанда өтуі мүмкін
Жеңістен кейін Дияр Нұрғожай журналистерге сұхбат беріп, жекпе-жек туралы пікірін білдірді.
«Бірінші раунд қауіпті болды. Қарсыласымыздың соққысы ауыр екенін, үнемі алға ұмтылатынын білдік. Командамызбен бірге оны жан-жақты зерттедік. Қарсыласыма алғыс айтамын, жақсы жекпе-жек көрсетті. Жеңісті сериямды жалғастырып жатырмын», – деді спортшы.
Сонымен қатар Нұрғожай UFC турнирінің Қазақстанда өтуі мүмкін екенін айтты.
«Бізде UFC турнирін Қазақстанда өткізгісі келеді деген әңгіме бар. Егер солай болса, өз елімде міндетті түрде өнер көрсеткім келеді. Кім келсе де, қарсы алуға дайынмын!» – деді қазақстандық файтер.
Дегенмен UFC ұйымы Қазақстанда турнир өткізу туралы әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Жарыстың нақты күні мен өтетін орны да белгісіз.
Бұл кездесу Нұрғожайдың UFC ұйымындағы бесінші жекпе-жегі болды. Алғашқы екі кездесуінде жеңіліс тапқан қазақстандық спортшы кейін қатарынан үш мәрте жеңіске жетті.
Қазіргі таңда оның кәсіби ММА-дегі көрсеткіші – 13 жеңіс және 2 жеңіліс. Ал UFC-дегі рекорды – 3 жеңіс, 2 жеңіліс.