Жаңалықтар

Директорларға бәрін итере беруге қарсымын - Ринат Зайытов

Директорларға бәрін итере беруге қарсымын - Ринат Зайытов
Фото: parlam.kz 30.05.2023 16:37 1668

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептердегі қауіпсіздік мәселесін мектеп директорларының жауапкершілігіне арту дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі туралы дөңгелек үстел өтіп жатыр. Депутат Ринат Зайытов қауіпсіздік мәселесін шешуге қатысты ұсынысын айтты.

Күліп жібергенім үшін кешірім сұраймын. Сіздердің есептеріңіз адамның күлкісін келтіреді. Біз көзбен көріп жүрміз, ал сіздер көрмейсіздер ма? Қағазға ғана сенесіздер ме? Бөлінген ақшаның көлемі дұрыс күзетшілер алуға мүмкіндік бермейді. Алматының өзінде 10 жарым мың шаршы метр ғимаратқа жылына қауіпсіздік үшін 7-8 миллион бөлінеді. Енді 6 күзетші керек дегенде айына 700 мың ақ ақша. Сондықтан, мен өткенде де айтқам осы ұсынысты. Ешкім қабылдамады ма? Мектеп кезекшісі деген болатын. Ішкі істер министрлігінің өкілдері, сіздерге жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспектор бөлу қиын ба? Бала кезімізде мектеп алдында сондай инспектор ғимараты болатын. Соның алдында ешкім шемішке шақпайтын. Оның алдында балалар жиналып қалса, не болып қалды деп бәрі шошитын, - дейді депутат Зайытов.

Оның айтуынша, қазір мектепте сондай үрей беретін ештеңе жоқ. Ол жерде отырған алпыстағы апалардан кім қорқады? Ол кісілер де өлместің күнін көреді. 

Осы ұсынысты қарастырайық. Штат ашу керек пе? Қауіпсіздік деген апаттан, терезеден құлау, басына бірнәрсе түсу емес. Естеріңізге сала кетейін, осыдан 5 жыл бұрын әлеуметтік желіде балалардың өзіне суицид жасауға мәжбүрлейтін ойындар шықты, - деп нақтылады сөзін.

Депутат Ринат Зайытов барлық жүктемені директордың мойнына артып қоюға қарсы екенін айтты.

Сонда оқушылардың  не істеп жүргені мен күнделікті тыныс-тіршілігін директорға іліп қоймақсыздар ма? Директор мен мұғалімнің негізгі міндеті – балаларды оқыту. Олардың тәрбиесімен тәрбие жөніндегі орынбасар айналысады.  Сосын олардың қайда барып, не істейтінін қадағалайтын адам керек? Соны бақылайтын адам болмаса, 100 күзетші алсаң да, нәтижесін бермейді, - деді ол.

Сондай-ақ депутат министрліктің берген ақпараттары шындыққа сай келмейтініне тоқталды.

Сосын Төтенше жағдайлар бойынша министрлік, Нұрболат Бекболатұлы, сіздің көңіл-күйіңізді түсірейін, сіз берген ақпараттың бүкіл қазақи кеңдігімді қосқанда, 60 пайызы өтірік деп айта аламын. Аудандық мектептердегі өрт сөндіру жүйесі туралы ақпараттың бәрі өтірік. Менің де басымнан өткен мұндай жағдай. Біз басқарған ғимараттың өрт-сөндіру жүйесі істемейтін. Директорларға бәрін итере беруге қарсымын, - деді депутат Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға