Жаңалықтар

Динара Зәкиева балаларды бұзылған аспен тамақтандырған лагерьді тексерді

Динара Зәкиева балаларды бұзылған аспен тамақтандырған лагерьді тексерді
Фото: facebook.com/dinara.zakiyeva 16.06.2023 17:44 427

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы лагерьлердің бірінде жылап тұрған балалардың видеосы тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұзылған аспен тамақтанып жүрген балалар ата-аналарынан үйлеріне алып кетуді сұраған. Осы жайттың соң жақында ғана тағайындалған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өңірге арнайы барды.

Уәкілдің сөзіне қарағанда, қазір лагерьде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған. Қалғанын ата-аналары үйлеріне алып кеткен. Балалар демалатын ғимарат та, кереуеттер де өте ескі екені және ас үйде азық-түлікті сақтау нормалары сақталмағаны айтылды. Одан қалды бұл лагерьде дәретхананың өзі сыртта орналасқаны анықталды.

Балалар лагерьді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыты ұнап жатыр дейді. Бірақ лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Жөндеу жұмыстарының өзі көптен жүргізілмеген сияқты. Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі. Барлығы тозған. Ас үйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Бассейн мүлдем жұмыс істемейді, әкімшілік оны тазалап жатырмыз деді, дегенмен ол да жөндеуді талап етеді, - деп жазды Зәкиева.

Қазір аталған лагерьде мемлекеттік органдар да тексеріс жүргізіп жатыр. Дегенмен уәкід лагерьлерді бақылау үшін заң өзгертілуі керек дегенді айтады. Яғни оның сөзіне қарағанда, орталық ережелер мен талаптар енгізіліп, олар ашылғаны туралы мемлекеттік органдарға хабар беруі керек. Әйтпесе кез келген мекеме лагерь аша беретін болған.

Көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек. Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерьлер ашылғандары туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерьді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті, - деді ол.

Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жекеменшік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Енді Зәкиева солардың барлығын тексеріп шықпақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға