Жаңалықтар

Динара Сәдуахасова: Менің алдымда жаңа мақсат пайда болды

Ол шахматпен танысқан кезден бастап бұл спорт түрі тек әуесқойлықтан өмірлік жұмысыма айналды дейді. 
Динара Сәдуахасова: Менің алдымда жаңа мақсат пайда болды
Фото: 24.kz 11.08.2022 08:59 894

Әйгілі шахматшы Динара Сәдуахасова 15-24 тамыз аралығында Атырау қаласында алғаш рет Халықаралық шахмат фестивалін өткізу туралы бұдан бұрын да айтқан болатын. Осыған байланысты шахматшы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы Динара өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ал енді шараның басталуына небәрі 4 күн қалды. Фестивальге қатысуға ықылас білдірушілердің қатарын көріп, елімізде шахмат секілді зияткерлік спорт түріне қызығатындар саны күн сайын артып келе жатқанына шын жүректен қуаныштымын - дейді шахматшы.

Ол шахматпен танысқан кезден бастап бұл спорт түрі тек әуесқойлықтан өмірлік жұмысыма айналды дейді. 

Қазір спортшы ретінде қалыптасып танылғандықтан, менің алдымда жаңа мақсат пайда болды, ол - өз басымнан өткендей, өзін табуға құлшынып жүрген жандарға шахмат әлемін ашып беру. Осы мақсатқа жетудің бір қадамын біз Шахмат академиямыздың командасымен, сондай-ақ бірқатар достармен, серіктестермен және пікірлестермен бірге жасадық. Бұл қадам толыққанды шахмат фестивалін өткізу идеясының жүзеге асуы болып саналады - деді ол.

Фестивальдің басты миссиясы – еліміздің аумағымен бірге, шетелде де шахмат спортының жан-жақты дамуына лайықты үлес қосу.

Қазір бұл ауқымды шараға әлемнің 9 елінен 300-ге жуық шахматшы қатысатынын растады: бұл Қазақстан, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей елдері. Ойындарды өз көзімен көргісі келетіндер үшін www.chess.com, www.chess24.com сайттарында және фестивальдің www.atyrauchessfestival.kz ресми сайтында онлайн трансляция ұйымдастырылады.  

Сондай-ақ, қосымша тіркелу арқылы (сілтемелерді сайтқа орналастырамыз) барлық ниеті бар ойыншылар Атыраудағы «Абай орталығына» келіп, шеберлік сабақтары мен синхронды ойын сессияларына тегін қатыса алады. Сонымен қоса, негізгі турнирлердің трансляциясы шара өтетін жерде арнайы мониторларда көрсетіледі. Турнир түрлі елдер мен жас шамасындағы ойыншылардың, шахмат әуесқойларының басын қосатын керемет оқиға болады деген сенімдеміз. Шынында да, шара аясында тәжірибелі мамандар ғана емес, жаңадан келген спортшылар да «сайыс алаңында» өздерін сынап, күштерін тәжірибеде байқап көре алады - дейді Динара.

Ол өзімен серіктес болғандарға алғыс айтты.

Біздің бастамамыздың барлық серіктестеріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын! Фестивальдің барлық қатысушыларына көтеріңкі көңіл-күй, жігер мен таусылмас спорттық қуат тілеймін! Ал іс-шараның барлық қонақтары мен көрермендеріне ізгі пейілімді білдіремін! Фестиваль туралы толығырақ ақпаратты жоғарыда аталған сайттан табуға болады - деді Динара Сәдуахасова.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға