Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысты

Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысты
Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонына қатысып, оқырмандарға белгілі суретші әрі ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковтің «Жизнь без рук» («Қолсыз өмір») атты автобиографиялық кітабын ұсынды.

Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Димаш Құдайбергеннің айтуынша, ол марафонға байқаудан тыс «Парасат» санаты бойынша қатысып отыр. Әнші Қарағанды қаласында Кәріпбек Күйіковпен кездескенін айтып, оның қайсарлығы мен рух беріктігіне тәнті болғанын жеткізді.

«Кәріпбек ағамен кездесіп, оның қайсарлығы мен рух беріктігіне тәнті болдым», – деп жазды Димаш Құдайберген.

Әнші марафон кітап оқуға, тағылым алуға және ой бөлісуге жол ашатынына сенім білдірді.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафоны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Оқи отырыңыз