Жаңалықтар

Дидар Дүйсембайұлы: «Әр құжат – тарихтың үнсіз куәгері»

16.05.2025 18:38 539
Дидар Дүйсембайұлы: «Әр құжат – тарихтың үнсіз куәгері»

Құжаттарды сақтау – бұл жай ғана қағаздарды қаптап сөреге қою емес. Бұл – тәртіп пен дәлдікті, тұрақты температураны, ылғалдылықты және ерекше ұқыптылықты талап ететін күрделі әрі жауапты жұмыс. Президент архивінің архившісі, жас маман Дидар Дүйсембайұлы – осы саланың көрінбейтін қаһармандарының бірі. Ол тарихи құжаттардың бірнеше ұрпаққа аман жетуін қамтамасыз ету үшін күнделікті кәсіби әрі аса мұқият жұмыс атқарып келеді.

Дидар – архив ісінің жаңа буын өкілі. Оның басты міндеті – құжаттардың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету. Ол архив қоймаларындағы температура мен ылғалдылық деңгейін бақылап, құжаттардың физикалық жай-күйін тексеріп, оларды жүйелі түрде орналастырумен айналысады.

Қағаз құжаттар үшін температура 17–19°С, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 50–55% болуы тиіс. Бұл талаптар бұзылған жағдайда, құжаттар табиғи түрде тозуға ұшырайды, -дейді Дидар.

Оның айтуынша, мемлекеттік сақтауға келіп түскен құжаттар бірінші кезекте бейімдеу бөлмесіне орналастырылады. Бұл жерде негізгі құжаттарды архивтегі температуралық-ылғалдылық режимге сәйкестендіріледі. Бейімдеу бөлмесінде 4-5 күн тұрған құжаттарға шаңсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, физикалық жәй-күйі анықталады. Қажет болған жағдайда құжаттар реставрация, концервация жұмыстарына жіберіледі.

Бейімдеу кезеңінен өткен құжаттар архив қоймаларына орналастырамыз. Құжаттарды орналастыру кезінде оларды оңай, әрі тез табу үшін стеллаж және қор бойынша топографиялық көрсеткіштер толтырылады, – деді жас маман.

Дидар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2015–2019 жылдары архив ісі бойынша бакалавриатты, 2019–2021 жылдары магистратураны тәмамдаған. 2022 жылдың сәуір айынан бері Президент архивінің құрамында қызмет етіп келеді. Архив Алматыдан Астанаға қоныс аударғанда, ол көп ойланбай жаңа қалаға көшуге шешім қабылдайды.

Бүгінде архивтің жаңа ғимаратында 2 миллионнан астам сақтау бірлігін қамтитын 24 арнайы қойма бар. Бұл қоймаларда құжаттардың ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз ету үшін ауа айналымы, жарық деңгейі, ылғалдылық пен қауіпсіздік жүйелері заманауи талаптарға сай мұқият реттелген.

Архивтегі құжаттың ешқасысы де кездейсоқ келген жоқ. Олардың әрқайсысы тарихтың бір парағы. Сол тарихи құжаттарды ұрпаққа аманат етіп қалдыру біздің басты міндетіміз деп санаймын, – дейді Дидар Дүйсембайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға