Жарыс кезінде түсірілген фотосуреттер мен қысқа ғана жазба қазақстандық жеңіл атлет Жасмин Бегалинованы әлемге танымал етті. Оның суреттері Instagram, Threads және X желілерінде мыңдаған лайк жинап, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар оны Диана ханшайымға ұқсатып жатыр.
Жасмин Бегалинова 18 жаста. Спортшының айтуынша, өмірінің басым бөлігін спортқа арнаған. Жеңіл атлетикаға келгенге дейін ол жеті жыл бойы баскетболмен айналысқан. Жеңіл атлетикаға үш жыл бұрын ауысқанымен, осы уақыт ішінде спорт шеберлігіне кандидат атанып, Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатының жүлдегері болды. Әлеуметтік желілерге кең тараған фотосуреттер дәл осы жарыста түсірілген.
Қазір Жасмин Өскемен қаласындағы колледжде жаттықтырушы мамандығы бойынша білім алып жүр. Спорттан бос уақытында музыка тыңдағанды ұнатады, гитарада ойнайды және киім тігумен айналысады.
Интернеттегі танымалдық
Жасмин бір тәуліктің ішінде танымал болды. Оның Threads-тегі фотолары екі күнге жетпейтін уақытта 20 мыңнан астам лайк жинаса, X (Twitter) желісіндегі жарыс кезіндегі суреттері бір тәулікке жетпейтін мерзімде 40 мың лайкқа ие болған.
Қазір бойжеткеннің Instagram желісінде 33 мың жазылушысы бар, әрі оған әлемнің түкпір-түкпірінен жылы пікірлер жазылып жатыр.
«Қазақстандық болу үшін Франция азаматтығынан бас тартамын», «Ол шынайы емес сияқты», «Диана ханшайым, бұл сіз бе?!» деп пікір қалдыруда желі қолданушылары.
Қазақстандық жанкүйерлер де оның фотосуреттерін өз парақшаларында бөлісіп, «Жарқыра, бұл сенің прайм кезің» деген жазбамен жариялап, Жасминнің аккаунтын белгілеп жатыр.