Маңғыстаулық депутат Ербол Айтуов пластикалық операция кезінде қайтыс болғаннан кейін, клиникадағы заңбұзушылықтар анықталды. Қазақстандағы косметология саласының қауіпсіздігі қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ербол Айтуов кім?
Ербол Айтуов 1977 жылы 21 наурызда дүниеге келген. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Алматы экономика және статистика институтында білім алған. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы New College Durham колледжінде оқып, шетелде тәжірибе жинаған.
Еңбек жолын «VITA» компаниясында бастап, кейін The Coca-Cola Company бірлескен кәсіпорнында логистика директоры қызметін атқарды. Мұнай-газ және өндіріс саласында да ұзақ жыл еңбек етіп, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» мен Каскор-Машзавод акционерлік қоғамдарын басқарды. Соңғы жылдары Kazpetrodrilling АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті болды.
Липосакциядан кейінгі қайғылы жағдай
Ербол Айтуов сәуір айының басында Маңғыстаудағы «Қасиет» клиникасына иекке липосакция жасату үшін барған. Алайда наркоз кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Жұбайының айтуынша, депутат инсульт алған, ал клиника көмек көрсетуді кешіктіріп, науқастың шынайы жағдайын жасырған болуы мүмкін.
2026 жылғы 5 мамырда Ербол Айтуов қайтыс болды. Бұл ақпарат мұрагерлік іс құжаттары арқылы расталған.
Тексеру нені анықтады?
Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі клиникада жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Атап айтқанда, клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметіне лицензия болмаған. Операциялық блок толық жабдықталмаған, кей медициналық құрылғылардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.
Ең бастысы – тексеру қорытындысы бойынша пациентке операция жасауға мүлде болмайтыны белгілі болған. Себебі қажетті талдаулар толық өткізілмеген және қарсы көрсетілімдер болған.
Қазіргі уақытта материалдар прокуратура қарауында. Ресми қорытындыны құзырлы органдар жариялайды.
Эстетикалық медицина көлеңкелі бизнеске айналды ма?
Осы жағдайдан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы косметология саласын қатаң сынға алды.
Оның айтуынша, эстетикалық медицина көлеңкелі бизнеске айналып барады. Депутат дің жасушаларына қатысты препараттардың заңсыз қолданылуы мүмкін екенін айтып, суррогат аналық пен жасанды түсік материалдарының емдік мақсатта пайдаланылуы туралы деректер бар екенін мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әсіресе әлеуметтік желілерде косметология клиникаларының жұмысына бақылауды күшейту туралы пікірлер көбейді.
Қандай жағдайда операция жасалмайды?
Біз бұған дейін пластикалық хирург Висал Мамедовтан қандай жағдайда операция жасауға болмайтынын сұрағанбыз.
Біріншіден, науқастың созылмалы аурулары ескеріледі. Міндетті түрде анализдер тапсырылады. Анализдердің жарамдылық мерзімі шамамен 10-14 күннен аспауы керек. Егер ағзада қабыну немесе асқынған созылмалы ауру анықталса, операция кейінге шегеріледі, – дейді Висал Мамедов.
Сонымен қатар пластикалық операция жасауға мүлде болмайтын бірқатар созылмалы аурулар бар.
Қазір пластикалық операцияларға сұраныс жоғары. Әсіресе, омырауды көтерту, дене пішінін түзету секілді операциялар жиі жасалады. Бұрын көбіне кеуде үлкейтуге сұраныс көп болса, қазір жүктілік пен босанудан кейін дене пішінін қалпына келтіргісі келетін әйелдер көбейген. Олар көбіне липосакция, абдоминопластика немесе кеуде мен іш аймағын бірге түзету операцияларын жасатады, – дейді хирург.
Липосакция – артық майдан арылу жолы
Липосакция – дененің белгілі бір бөлігіндегі артық майды хирургиялық жолмен алу операциясы. Көбіне іш, бел, сан, арқа, қол немесе иек аймағындағы май қабатын азайту үшін жасалады.
Висал Мамедовтың айтуынша, бұл әдіс арықтау тәсілі емес, дене пішінін түзетуге арналған эстетикалық операция саналады. Операция кезінде арнайы құрал арқылы май сорылып алынады.
Жалпы, операциялардың барлығы қауіпсіз деуге болады, егер науқаста ауыр аурулар болмаса және үлкен операциялар жергілікті анестезиямен жасалмаса. Кейде үлкен көлемдегі липосакция немесе бет тарту операциялары жергілікті анестезиямен жасалады. Өз тәжірибемде мен бұған жол бермеймін, себебі бұл дұрыс емес деп есептеймін, – дейді хирург.
Оның пікірінше, жергілікті анестезияға көп мөлшерде дәрі қолдану жүрек аритмиясын тудыруы немесе аллергиялық реакция беруі мүмкін. Сондықтан көлемді операциялар міндетті түрде толық наркозбен жасалуы керек.