Жаңалықтар

Депутаттардың пәрменділігі білімінде ғана емес – Әлихан Байменов

Депутаттардың пәрменділігі білімінде ғана емес – Әлихан Байменов
Фото: baq.kz 02.02.2023 09:00 1446

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін таратып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындаған еді. Бұл жолы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы 26 қаңтар күні Парламент Сенатының отырысында айтқан болатын деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Үміткерлерді ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады. Сөйтіп, 20 күнге созылады. Осылайша, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін. 18 наурыз – «тыныштық күні». Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін. Бұдан кейін учаскелік сайлау комиссиялары дауыс санауға кірісіп, оның нәтижесі туралы хаттама толтырады.  

Сайлауға 7 партия қатысады. Атап айтқанда «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриот¬тық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Amanat» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан¬ның демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы және «Respublica» партиясы. 

Көктемде өтетін сайлаудан көпшіліктің күтер үміті мол. Мәселен, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов ендігі Мәжілісте және саяси партиялар арасында мемлекеттің болашағына байланысты терең талқылаулар жүруі керек деп есептейді.

«Біріншіден, кез келген сайлау қоғам үшін азаматтық мектеп саналады. Ал билік үшін емтихан. Билік осы сайлауды қалай өткізеді? Саяси реформалардың көрінісі бола ма? Жалғасына айнала ма, жоқ па? Осы сұрақтарға жауап табу үшін сайлау әділ өткізіледі. Егер сайлау әділ өтсе, саяси реформалар жемісін беріп жатыр деген сөз. Мысалы 1995 жылдан бергі сайлаулардың шын нәтижесін Қазақстанда ешкім білмейді. Себебі ол төменнен бұрмаланып келгендіктен жоғары жақтағылардың өздері де білмейді. Әкімдер жарысқа түсетін... Сондықтан осындай жүйеден алыстау керек. Жаңа әділ сайлау өткізсек «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген ұран іс жүзінде жүзеге асар еді. Ал екінші жағынан можаритарлық сайлау енгізілуде. Әзірге 30 пайызы, меніңше, келешекте 50 пайызға жеткізу керек. Бірақ осы 30 пайыздың өзі қоғамның ынтасын да көтеріп, қызығушылығын да оята алады және ешқандай партияға кірмейтін немесе өзі кіргісі келген партиялары әлі тіркеле алмай жүрген жеке тұлғалардың дауысының естіліп, Парламентке келуіне жағдай туғызады. Қарап отырсам, кейінгі күндері оппазициялық және тәуелсіз көзқарастағы кейбір азаматтар өз-өздерін ұсына бастаған. Бұл – жақсы құбылыс. Менің өзім 1999 жылы бір мандаттық можаритарлық жүйемен сайланғанмын. Ал 2004 жылы партиялық тізіммен сайландым. Сондықтан олардың екеуін де салыстыруға болады. Әрине, партиялық тізіммен сайланғандар бағдарламасы мен өз құңдылықтарына сүйеніп жұмыс істесе, олардың да берері көп болады», деді Әлихан Уәлиханұлы.

Сондай-ақ Әлихан Байменов «Парламенттегі депутаттардың жұмыс пәрменділігі білімі мен біліктілігіне ғана қатысты емес, олардың қандай жүк арқалап келгеніне де байланысты» деген пікір білдірді. 

«Барлығы да олардың қандай міндеттемелермен келгендеріне байланысты. Мемлекеттің болашағына байланысты терең талқылаулар Мәжілісте, не саяси партиялар арасында болып жатқан жоқ. Ол қауіпті. Себебі, қоғамда әркім өз білгенімен жүреді. Оның үстіне қазір фейк ақпараттар заманы. Көпшілік жалған ақпаратқа еріп кетеді. Кейде Мәжіліс депутаттары да «Жапонияда 10 000 ғана мемлекеттік қызметші бар» деп айтып қалады.  Мен әдейі соның бәрін анықтап, санатып шықтым. Жапонияда мемлекеттік қызметтегілер деп есептелетін халық саны 1 000 000 адам. Ал мұғалімдер мен дәрігерлерін қоса санасақ 3 000 000 адам жұмыс істейді. Міне, осындай дүниелерді кейде салиқалы азаматтарымыз өзі сөздеріне енгізіп жібереді. Сондықтан қазіргі сайлаудағы партиялар арасындағы бәсеке жоғары деңгейде өтсе деген үміт бар. Олар интелектуалдық потенциалдарын іске қосса екен деймін. Себебі, көшбасшылардың бір міндеті болады. Абай айтады «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деп. Сол секілді партиялардың сөзі жоғары деңгейде болып, тек жалаң айқай, ұран емес, хайып емес, байыппен, терең зерттеумен ұлт мүддесін негіз еткен бағдарламаларды көргім келеді. Әрі пікір алмасу мәдениетін жоғарылатуға үлес қосса, бұл жолғы сайлаудың елге берері көп болады», - деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов.

Айта кетейік, Қоғамдық пікірді зерттеу институты 25-28 қаңтарда телефон арқылы ел ішінде сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесінде, 2023 жылғы 19 наурыздағы Парламент сайлауында сайлаушылардың ықтимал келу деңгейі 53,3 пайызды құраған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға