Жаңалықтар

Депутат су тасқыны кезінде зардап шеккендерге арнайы шот ашуды ұсынды

Депутат су тасқыны кезінде зардап шеккендерге арнайы шот ашуды ұсынды
Фото: gov.kz 18.04.2024 12:15 351

Елімізде үйлері су астында қалған көптеген тұрғын мемлекет тарапынан қажетті материалдық қолдау болмай қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Сенатор Әсем Рахметова өзінің депутаттық сауалында зардап шеккендердің проблемаларын көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әсем Рахметованың сөзінше, зардап шеккендер кездесу барысында қираған немесе су басқан үйлердегі мүлікке қатысты залалдың мөлшерін дәлелдеу қиынға соғып жатқанын айтқан. Өз мүлкін ресми тіркеп үлгермегендер, сондай-ақ саяжайларда үй салғандар да қиын жағдайға тап болуда.

Су басқан елді мекендердегі үйлерде жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін бір жолғы өтемақыға қол жеткізе алмайды. Есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін бір жолғы өтемақы банктер тарапынан  кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалады. Сенаторлардың өңірлерге сапары кезінде эвакуация пункттеріндегі жергілікті тұрғындар осы маңызды мәселелерді көтерді және республикалық деңгейде оң шешім іздестіруде көмек көрсетуді сұрады, - деді сенатор Рахметова.

Депутат осыған байланысты залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.

Саяжай учаскелерінде тіркелген және тұратын азаматтарға келген залалды өтеу тетігін қарастыруды, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін қайта қарауды, жеке не мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтардың мүлкіне келген залалды өтеу тәртібін айқындауды ұсынамын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шоттары тұтқындалған зардап шеккендер үшін арнайы шоттар ашу көзделсін, - деді Әсем Рахметова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға